14.05.2026 _ 11:50

Елімізде фитосанитариялық мониторингтің геоақпараттық жүйесі жаңартылды

Ауыл шаруашылығы министрлігі цифрландыру мәселесіне ерекше көңіл бөлуде. Қазір фитосанитариялық мониторингтің геоақпараттық жүйесі жаңартылды. Енді мамандар зиянкестердің таралу ошақтарының цифрлық полигондарын белгілеу мүмкіндігіне ие болды. ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында осылай деді.

Оның айтуынша өңдеуді цифрландыру жұмыстары ФАО халықаралық ұйымымен бірлесіп атқарылады.

«Бүгінгі таңда шамамен 385 мың га алаң өңделді, оның ішінде Түркістан облысында 287 мың га, Жамбыл облысында 93 мың га, Алматы облысында 0,6 мың га өңделді. Қызылорда мен Жетісу облыстарында да бұл жұмыстар басталып кетті. Химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізу барысында тиаметрин және басқа да фитосанитариялық мақсаттағы жоғары тиімді пестицидтер қолданылуда», – деді спикер.

Бүгінгі таңда Өзбекстан және Қырғыз Республикасының мамандарымен бірлескен шекара маңында зерттеп-қарау жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде шекаралас аумақтарда шегіртке ошақтары анықталған жоқ. Ресей және Қытай елдерімен бірлескен зерттеп-қарау іс-шараларын өткізу ағымдағы жылдың мамыр айының соңына жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек, қорғаныш шараларын үйлестіру мақсатында барлық облыс әкімдері орынбасарларының төрағалығымен жедел штабтар құрылды. Мұндай штабтар аудандық және республикалық деңгейлерде де ұйымдастырылды. Олар штаттық режимде жұмыс істеп, жүргізіліп жатқан іс-шараларға бақылау жасауда.