18.05.2026 _ 09:48

Жыл басынан бері 100 мыңнан астам адам жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тартылды

2026 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен 101,3 мың адам қамтылып, 140,8 мың қазақстандық жұмысқа орналастырылды. Мемлекет халықты жұмыспен қамту деңгейін арттыруға, кәсіпкерлікті дамытуға және азаматтардың еңбек нарығында сұранысқа ие дағдыларды меңгеру мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған кешенді шараларды іске асыруды жалғастыруда. Бұл өңірлік жұмыспен қамту карталары, ұлттық жобалар және халықты қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалар аясында жүргізілуде, деп хабарлайды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Негізгі бағыттардың бірі – субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру. Бүгінде мұндай жұмыс орындарына 50,6 мың адам жолданды. Оның ішінде 37,6 мың адам қоғамдық жұмыстарға, 5,4 мың адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 2,7 мың жас маман жастар практикасына, ал 4,9 мың адам «Күміс жас» жобасы аясында жұмысқа орналастырылды.

Сонымен қатар азаматтардың біліктілігін арттыруға және еңбек нарығында сұранысқа ие жаңа дағдыларды меңгеруіне ерекше назар аударылады. Онлайн оқумен 31,7 мың жұмыссыз азамат қамтылды. Оның ішінде 25,1 мың адам оқу курстарын аяқтап, тиісті сертификаттарға ие болды.

Бұдан бөлек, халықтың кәсіпкерлік дағдыларын дамытуға бағытталған «Бастау Бизнес» жобасы жалғасуда. Жыл басынан бері кәсіпкерлік негіздеріне 16,9 мың адам оқытылып, оның 7,3 мыңы оқуын аяқтап, сертификат алды.

Жұмыс берушілердің сұранысына сәйкес кадр даярлау мақсатында 2 119 адам кәсіптік оқуға жіберілді. Бұл шара өңірлік еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, кәсіпорындарды қажетті мамандармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар мансап орталықтарында азаматтарды кәсіптік бағдарлау жұмыстары белсенді жүргізілуде. Әлеуметтік кәсіптік бағдар беру және консультациялық қызметтерді 142,8 мың адам алды. Бұл азаматтардың мамандықты саналы таңдауына және еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.

Азаматтарды жұмысқа орналастыру бірнеше бағыт бойынша жүзеге асырылады және міндетті зейнетақы жарналарының аударылуымен расталады.

2026 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша 140,8 мың адам жұмысқа орналастырылды. Оның ішінде:

– жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары аясында – 50,6 мың адам;

– Электрондық еңбек биржасында жұмыс берушілер жариялаған бос жұмыс орындарына – 48,3 мың адам;

– Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны» бастамасы аясында – 40 мың адам;

– орталық мемлекеттік органдар іске асырып жатқан жобалар шеңберінде – 1,9 мың адам.

Сонымен қатар 2026 жылы халықтың кәсіпкерлік белсенділігін қолдау мақсатында әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға жаңа бизнес-бастамаларды жүзеге асыру үшін 400 АЕК-ке дейінгі мөлшерде, яғни 1 730 000 теңге көлемінде 9 мың мемлекеттік грант беру көзделген.

Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары еліміздің барлық өңірінде жалғасып, халықтың тұрақты жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етуге, азаматтардың табысын арттыруға және адами капиталды дамытуға бағытталған.