Атап айтқанда, сегіз тілде жұмыс істейтін «Qazaq Culture» ақпараттық-ағартушылық платформасы жұмыс істейді. Бұл жоба еліміздің мәдени мұрасын халықаралық деңгейде насихаттауға бағытталған.
Бүгінде порталды ондаған мың пайдаланушы қолданып, ұлттық мәдениетке деген қызығушылық арта түскені байқалуда.
«Сондай-ақ еліміздің 286 музейін біріктіретін «E-Museum» виртуалды музейлер желісі іске қосылды. Платформада 65 мың экспонат, оның ішінде 750-ге жуық 3D форматтағы артефакт жинақталған. Портал арқылы музей қорлары онлайн қолжетімді болып, жасанды интеллект көмегімен экспонаттарды автоматты сипаттау, аудару және іздеу мүмкіндіктері енгізілуде. Сонымен қатар «е-Кино» ақпараттық жүйесі кино саласындағы ашықтықты қамтамасыз етіп, кассаға түсетін қаражатты толық цифрландыруға және нақты уақыт режимінде есеп жүргізуге бағытталған. Қазір жүйені іске қосу бойынша тиісті техникалық және қауіпсіздік рәсімдері пысықталып жатыр», – деді спикер.
Бұдан бөлек, киелі нысандардағы есепке алу мен билет жүйесі цифрландырылды. Бұл жүйе Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Арыстан баб кесенесі, Қарахан кесенесі, Айша-бибі кесенесі және Отырар қалашығы сияқты нысандарға енгізілді. Нәтижесінде есеп жүргізу ашықтығы артып, билет сату мен келушілерді тіркеу толық цифрлық форматқа көшті. Жүйе енгізілгеннен кейін кірістер мен келушілер саны айтарлықтай өсті. Жыл соңына дейін QR-билет жүйесін кеңінен енгізу жоспарда бар. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасуда. Алдағы уақытта цифрлық жүйелер өзге музейлер мен мәдени нысандарға енгізілмек.