Оның хабарлауынша, 2023 жылы 500 кино байқауларға ұсынылса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 444 болды. Ал былтыр барлығы 465 өтініш келіп түсті.
«Биылғы конкурсқа тоқталатын болсақ, әзірге 278 өтініш келіп түсті. Қазір біз үшінші кезеңдеміз. Мамыр айының 22-24 аралығында Алматы қаласында үшінші кезеңге өткен 95 компания питчингке қатысады. Конкурсқа соңғы кездері жастар көптеп қатысып жатыр. 3 жылдағы 57 жобаның 43-ін жастар әзірлеген. Жастарға жақсы қолдау көрсетіп жатырмыз. Былтыр «Qaitadan» деген кино жарыққа шықты. Оның бюджеті 190 млн теңге болды. Туынды кинотеатрларда 1 млрд 200 млн теңге жинады. Тағы бір мысал, «Капитан Байтасов» фильмі алғашқы екі аптада 190 млн теңгеден астам табыс тапты», – деді спикер.
Айта кетерлігі, Орталық қаржыландырған фильмдер кинотеатрларда көрсетілді. Сондай-ақ Қ.Жұмағали кино түсіруге бөлінетін қаржы көлеміне шектеу қойылғанын айтты. Ең ірі жобаларға берілетін қаражат сомасы 500 млн теңгеден аспайды.
Биыл Орталық қолдауымен 24 жоба іске асып жатыр. Олардың арасында «38», Нұран мен Тай», «Скважина 37», Қосшығұлов шоколад фабрикасы» сынды көркем фильмдер бар.
Былтырдан бері Ұлттық киноны қолдау орталығы «Жарқыра» кастингін бастады. Қатысушылар туралы ақпарат Орталық сайтына жарияланады. Олар отандық киноға түсуге мүмкіндік алып жатыр. Бұл байқау елді мекендердегі дарынды азаматтардың экранға шығуына сеп болды.
Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Кино орталығының бастамасымен бұл фильмдер барлық өңірде, сондай-ақ, алыс ауыл аймақтарында, «Қазақ киносының күндері» аясында ақысыз көрсетіліп жатыр. Кино күндері екінші жыл қатарынан ұйымдастырылып, былтыр шамамен 2 млн көрермен қамтылды. 2026 жылы бұл жоба алғаш рет ауылдық жерден бастау алды.