20.05.2026 _ 11:50

Алакөлдің жағалауын нығайту бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленді

Жазғы туристік маусым қарсаңында Абай облысында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін кешенді құтқару станциясының құрылысы аяқталды. Алакөл көлінің жағалауы 800 метрден 1800-метрге дейін созылады. Оған қоса, сумен жабдықтау, кәріз, электр желілерін жүргізу және жағалауды нығайту мәселелері қолға алынды. Оған тиісті жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Бұны ҚР ТСМ Туризм индустриясы комитеті төрағасының м.а. Байжанов Нұрбол ОКҚ алаңында хабарлады.

Оның айтуынша, Жетісу өңірі жағындағы Алакөл курортында да бірқатар жұмыс жүргізілді. Қоқыс контейнері, құтқару мұнаралары, киім ауыстыру кабиналары орнатылды. Сондай-ақ «Алакөл Тазалық» ұйымы ашылды. Алакөл көлінің жағалауын бекіту бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу аяқталды.

«Бұдан бөлек, Балқаш көлінің жағалауын дамыту жұмыстары жалғасуда. Көлге апаратын автомобиль жолы толық жаңғыртудан өтуде, қазіргі уақытта көлік қозғалысы қамтамасыз етілген. Халық үшін жаңа жағажай ашылады. Биыл Лепсі станциясындағы жаңа теміржол вокзалының құрылысы аяқталып, кейін пайдалануға беріледі», – деді спикер.

Қарағанды облысында «Balkhash» индустриялық аймағы және Балқаш қаласындағы «Сарыарқа» АЭА қосалқы аймағы іске қосылды. Әкімдік инфрақұрылымдық жұмыстарды жүргізуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ Балқаш әуежайын жаңғырту жұмыстары аяқталды. Осы жазда Астана мен Алматыдан тұрақты әуе рейстері іске қосылады.

Торанғалық және Шұбартүбек кенттерінде 4 жағажайды абаттандыру жүріп жатыр. Бұл жобаның құны 1 млрд теңгеден асты. Жұмыс маусымның 15-не дейін аяқталуға тиіс.  

Маңғыстау облысында да жағажайды реконструкциялау, жағалауды жаңғырту, санитарлық-гигиеналық тораптарды жаңарту және құтқару пунктілерін орнату жоспарланған. Жергілікті туристік нысандарда 804 бейнебақылау камерасы жұмыс істейді, оның ішінде киелі туристік орындарда 21 камера орнатылған. Облыс аумағында 53 санитарлық-гигиеналық торап, 21 душ кабинасы, 64 киім ауыстыру орны, 15 құтқару мұнарасы және 183 қоқыс контейнері орнатылған. Демалушыларға қолайлы жағдай жасау үшін қосымша 12 киім ауыстыру орны, 12 душ, 4 санитарлық-гигиеналық торап, террасалар, 150 шезлонг орнатылады.