22.05.2026 _ 12:00

Тұтынушыларды сапасыз өнімнен қорғау жұмыстары жалғасуда

2023 жылдың соңында тұтынушыларды сапасыз өнімнен қорғау мақсатында «Сапалы өнім» әлеуметтік жобасы іске қосылды. Жоба тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі қоғамдық ұйымдардың қоғамдық бақылау тетігін жүзеге асыру арқылы қолға алынды. Оның негізгі мақсаты – сапасыз өнімдерді анықтау, жосықсыз өндірушілердің жолын кесу, адал отандық өндірушілерді қолдау және нарықта сапалы өнім өндіру мен сатуды ынталандыру. Бұл туралы ОКҚ алаңында ҚР СИМ Тұтынушылардың құқығын қорғау комитетінің төрағасы Болат Танабергенов хабарлады.

Оның айтуынша, 2026 жылы тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі қоғамдық бірлестіктер бұл бағыттағы жұмыстарын жалғастырды. Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында еліміздің барлық өңірінде 363 түрлі өнім сатып алынып, тексеруден өткізілді.

«Тексеру нәтижесінде өнімдердің 179 түрінен, яғни жалпы көлемнің 49%-нан түрлі заң бұзушылықтар анықталды. Оның ішінде бұзушылықтардың 77% таңбалау талаптарына қатысты болса, 23% санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталмауына байланысты болды. Анықталған заң бұзушылықтар бойынша 136 кәсіпкерлік субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – деді спикер баспасөз конференциясында.