29.05.2026 _ 14:40

ЖОО оқытушылары үшін ЖИ саласында міндетті біліктілікті арттыру енгізілді

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі жасанды интеллектіні білім беру бағдарламаларына енгізу, зерттеу инфрақұрылымын дамыту, оқытушыларды даярлау, сондай-ақ студенттердің AI-жобаларын және технологиялық кәсіпкерлікті қолдау бойынша кешенді жұмыс жүргізуде. Биыл ведомство QS Quacquarelli Symonds халықаралық талдау агентімен бірлесіп жасанды интеллектінің еңбек нарығы мен кадр даярлау жүйесіне әсері туралы кең ауқымды зерттеу жүргізді. Бұл туралы ҚР ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында хабарлады.

Зерттеу нәтижелері жасанды интеллект экономика мен еңбек нарығын трансформациялаудың негізгі факторларының біріне айналатынын көрсетті.

Қазірдің өзінде Қазақстан жұмыс күшінің шамамен 70%-ы ЖИ енгізу есебінен еңбек өнімділігін арттырудың орташа немесе жоғары әлеуетіне ие, ал кәсіптердің 53%-дан астамы жекелеген функциялардың ішінара автоматтандырылуына бейім.

«Зерттеудің негізгі қорытындыларының бірі – AI-first экономикасына өту үшін Қазақстанның жоғары білімді кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау қарқынын шамамен үш есе жеделдетуі қажет екендігі болды. Осыған байланысты Министрлік ең алдымен жасанды интеллектіні нормативтік деңгейде дамыту мәселесіне баса назар аударды. Жасанды интеллект пәндері мамандығына қарамастан барлық студент үшін міндетті Жасанды интеллектіні қолданудың университетаралық стандарты бекітілді», – деді спикер.

Академиялық адалдық лигасы білім беру процесінде жасанды интеллектіні пайдалану жөніндегі нұсқаулықты қабылдады. Диссертация дайындауда жасанды интеллектіні қолдануды реттейтін Ғылыми дәрежелер беру қағидаларына толықтырулар енгізілді. Оқытушылар үшін жасанды интеллект саласында міндетті біліктілікті арттыру енгізілді. Барлық жоғары оқу орындары үшін ЖИ қолдану бойынша KPI бекітілді.

Сонымен қатар қазақ тілінің Ұлттық корпусын және Ұлттық сөздік қорын дамытуды қамтитын ұлттық тілдік AI-инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жүргізілуде. Осылайша қолданбалы шешімдер жасай алатын кадрларды даярлауды қамтамасыз ететін реттеуші модель қалыптасты.