29.05.2026 _ 14:50

Қазақстан білім беруді цифрлық трансформациялау көшбасшыларының бірі ретінде танылды

2025 жылдан бастап жасанды интеллектіні қолдану дағдылары қазақстандық ЖОО-ның барлық білім беру бағдарламасыына интеграцияланды. Бүгінде 95 университет оқу жоспарларына AI-пәндерін енгізді, 30 ЖОО жасанды интеллект саласында 42 білім беру бағдарламасын жүзеге асыруда, ал профессор-оқытушылар құрамының 54%-ы ЖИ-мен жұмыс істеудің негізгі дағдыларын меңгерді. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова мәлімдеді.

Ол суперкомпьютерлердің академиялық кластері құрылғанын, сондай-ақ университеттердің Alem.Cloud ұлттық суперкомпьютерлік кластерінің есептеу қуаттарына қолжетімділігі қамтамасыз етілгенін атап өтті. Coursera, Google, Huawei, NVIDIA, ETS және OpenAI сияқты жаһандық көшбасшылардың жетекші әлемдік білім беру және технологиялық шешімдеріне қол жеткізілді.

Халықаралық серіктестермен бірлесе отырып, 2 мыңнан астам AI-курстарға, сондай-ақ 165 мың ChatGPT Education лицензиясына қол жеткізілді. 14 өңірде Tomorrow School бағдарламалау мектептері масштабталды, өңірлік жоғары оқу орындарының базасында 48 Huawei ICT-академиясы құрылды және 12 университетте NVIDIA амбассадорларын даярлау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Еңбек нарығын талдауды ескере отырып, жасанды интеллектіге байланысты жаңа мамандықтарға бағытталған 1,5 мыңнан астам білім беру бағдарламасы өзектендіріліп, әзірленді.

«ЖОО-ның базасында шетелдік серіктес жоғары оқу орындарымен және компаниялармен бірлесіп, орталықтар, зертханалар, кафедралар белсенді түрде ашылуда. Бұл инфрақұрылым медицина, экология, химия, білім беру, қауіпсіздік және smart city шешімдері саласындағы ғылыми зерттеулер үшін қолданылып жатыр», – деді вице-министр.

Мәселен, Cardiff University-де жасанды интеллект орталығы құрылып, мамандандырылған магистратура ашылды. Бірлескен AI-бағдарламаларды Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті SeoulTech-пен, Сәтбаев университеті City University of Hong Kong-пен, Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті Лу Бань шеберханасы базасында жүзеге асыруда.

«Болашақ» бағдарламасы аясында жасанды интеллект бағыты бойынша жыл сайын 100 арнайы квота бөлінеді.

Coursera Business to Nation моделін іске асыру ірі халықаралық білім беру жобаларының біріне айналды. Бүгінде бұл бастамаға 100 университет пен 255 мыңнан астам студент тартылған. Студенттер 5 миллионнан астам оқу сағатын аяқтап, 554 мыңнан астам сертификат алды. Бұл ретте 109 мыңнан астам сертификат AI-бағыттары бойынша алынды. Сонымен қатар Қазақстан Coursera тарапынан әлемдегі білім беруді цифрлық трансформациялаудың көшбасшыларының бірі ретінде халықаралық танымалдылыққа ие болды.

2026 жылы Қазақстан бүкіл білім беру жүйесі деңгейінде ChatGPT Education-ды енгізген әлемдегі алғашқы елдердің бірі болды. OpenAI компаниясымен қол қойылған меморандум аясында бүкіл ел бойынша оқытушылар үшін жыл сайын кемінде 165 мың ChatGPT Edu лицензиясын беру көзделген.

Кадрларды даярлау және AI-құзыреттіліктерді дамыту саласында NVIDIA компаниясымен ынтымақтастық аясында: бүгінде Қазақстанның 12 университеті NVIDIA Deep Learning Institute бағдарламасына қатысуда. Бағдарлама шеңберінде оқытушылар мамандандырылған халықаралық оқудан өтіп, NVIDIA DLI сертификатын және Ambassador Instructor мәртебесін алады. Бұл университеттерге жасанды интеллект және жоғары өнімді есептеулер саласындағы халықаралық дайындық стандарттарын енгізуге мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, өңірлердегі 48 университет базасында Huawei ICT Academy ашылды. Бірлесіп мамандандырылған AI-курстарды локализациялау және Huawei Talent Online халықаралық сертификаттауын енгізу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ «ЖИ негіздері: ЖИ-ге шолу» курсы студенттерді базалық даярлаудың міндетті элементі ретінде AI-Sana ұлттық бастамасына интеграцияланды.