29.05.2026 _ 15:10

Қазақстан университеттері білім беру, медицина және бизнеске арналған жеке AI-өнімдерін әзірлеуде

Қазақстандық жоғары оқу орындары жасанды интеллектіге оқытудан өздерінің жеке AI-шешімдерін әзірлеуге көшуде. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова мәлімдеді.

Оның айтуынша, жасанды интеллект технологияларын енгізудің жақсы мысалдарының бірі – Ұлттық тестілеу орталығының AI-Talapker жүйесі. Бұл – ҰБТ және жоғары оқу орындарына түсу мәселелері бойынша кеңес беретін AI-чат-бот. Бүгінде жүйе 69 мыңнан астам сұранысты өңдеген.

«Тағы бір мысал – онлайн тестілеудің ашықтығы мен академиялық адалдығын бақылауды қамтамасыз ететін Satbayev University-дің AI-прокторинг жүйесі. Қазір бұл шешім шетелге экспортталып жатыр және 180 мыңнан астам пайдаланушыны қамтиды. Сондай-ақ AlmaU-да тапсырмаларды тексеруге және студенттердің жұмысына мониторинг жүргізуге арналған OquLabs платформасы іске асырылуда, ол қазірдің өзінде бірқатар мектептерге енгізілді», – деді Динара Щеглова.

Вице-министр атап өткендей, мұндай жобалар қазақстандық университеттердің AI-шешімдерді қалыптастырудан жеке қолданбалы цифрлық өнімдер жасауға көшкенін көрсетеді.

Бұдан бөлек, бірқатар жоғары оқу орны мультиагентті AI-платформаларды дамытуға кірісті, онда түрлі AI-агенттер өзара әрекеттесіп, оқу орындарының жекелеген процестерін автоматтандырады. Мәселен, Қарағанды индустриялық университетінде студенттер мен талапкерлерді сүйемелдеуге, сондай-ақ академиялық және әкімшілік процестерді қолдауға арналған AI-агенттерді қамтитын Smart Bots платформасы іске асырылуда. Қостанай өңірлік университетінде AI-аналитика, контент генерациялау және дербестендірілген оқыту құралдарын біріктіретін AI-Mektep платформасы дамытылып жатыр. Өз кезегінде М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті AI-боттарды, құжаттарды цифрландыруды және студенттерді тану сервистерін біріктіретін Auezov AI First платформасын енгізіп жатыр. 

Денсаулық сақтау және инклюзия саласында Астана медицина университеті телемедицинаға арналған ZhanCare.AI платформасын іске асыруда, ол қазірдің өзінде бірқатар медициналық клиникалармен бірлесіп қолданылып жатыр. Astana IT University трансплантология саласында клиникалық шешімдерді қолдауға арналған CortexAI жүйесін әзірлеуде. Жоба Сауд Арабиясынан халықаралық грант ұтып алды. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті медиаконтентті қазақ тілінде автоматты түрде сурдоаударуға арналған SignBridge AI-шешімін енгізуде, ол қазірдің өзінде Jibek Joly телеарнасында трансляцияланып жатыр.

Университеттердің AI-шешімдері туризм, қаржы және цифрлық қауіпсіздік салаларына да белсенді түрде енгізіле бастады. Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті туристік қызметтерді автоматтандыруға арналған TrustTravel платформасын іске асыруда. Бүгінгі таңда жобаға 8 компания қосылып үлгерді.

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті SeoulTech филиалымен бірлесіп, пайдаланушылар мен қаржылық жүйелерді фишингтен және цифрлық қауіп-қатерлерден қорғауға арналған PhishGuard AI платформасын дамытуда. Қазіргі уақытта бұл жобаны жүзеге асыру бойынша прокуратура органдарымен келіссөздер жүргізіліп жатыр.

Narxoz University Queen’s University-мен бірлесіп, кедергісіз трансшекаралық есеп айырысуларға арналған ITEQ платформасын іске асыруда. Жоба бойынша ЦКБ-мен пилоттық келісімге қол қойылды.

Университеттік AI-шешімдер бизнес-процестерді автоматтандыруда және цифрлық сервистерді жетілдіруде кеңінен қолданыс табуда.

Мысалы, Қазақстан-Британ техникалық университеті CRM, ERP, маркетинг және BI-жүйелерге AI-ді интеграциялай отырып, компанияларды кешенді автоматтандыруға арналған KOZ AI платформасын іске асыруда. Жобаның қазірдің өзінде 30-дан астам клиенті бар және ол экспорттық әлеуетін көрсетіп отыр. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Astana Hub-пен бірлесіп стартаптарды онлайн-инкубациялауға арналған AI Startify Incubator платформасын дамытуда. Ғұмарбек Дәукеев атындағы АЭЖБУ сұраныстарды өңдеу мен бөлуді автоматтандыратын бірыңғай өтініштер орталығының Ushqyn AI платформасын енгізуде. Жоба бойынша Қазақтелекоммен және телеком-операторлармен ынтымақтастық орнатылып, жұмыстар жүргізіліп жатыр.