02.06.2026 _ 09:19

Алматыда балаларға көмек көрсетуге арналған үш құзыреттілік орталығы ашылды

Алматыда бірден үш құзыреттілік орталығы ашылды. Бұл орталықтар кішкентай пациенттердің қажетті медициналық көмекті жедел алуына, ал дәрігерлердің ауруларды тиімдірек диагностикалап, емдеуіне мүмкіндік береді, деп хабарлайды ҚР Денсаулық сақтау министрлігі.

Маңызды жобалардың бірі №2 Балалар қалалық клиникалық ауруханасының базасында ашылған құзыреттілік орталықтары болды. Мұнда балалар медицинасының он бағыты бойынша мамандар біріктірілген: кардиология, пульмонология, ревматология, гастроэнтерология, аллергология, гематология, эндокринология, нефрология, неврология және орфандық аурулар.

Ата-аналар үшін бұл күрделі диагноз қойылған жағдайда баланы қажетті мамандарды іздеп, көптеген медициналық ұйымдарға апарудың қажеті болмайтынын білдіреді. Енді әртүрлі бейіндегі дәрігерлер бір команда ретінде жұмыс істеп, клиникалық жағдайларды бірлесіп талқылайды, консилиумдар өткізеді және емдеу бойынша ортақ шешім қабылдайды.

Мұндай көмек сирек кездесетін генетикалық, аутоиммундық, онкологиялық және неврологиялық аурулары бар балалар үшін ерекше маңызды. Себебі дәл уақытында қойылған диагноз бен дұрыс таңдалған емдеу тактикасы шешуші рөл атқарады.

Тағы бір маңызды оқиға – Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының базасында Балалық шақ ауруларын интеграцияланған басқару жөніндегі құзыреттілік орталығының ашылуы болды. Оның қызметі туғаннан бес жасқа дейінгі балаларға көрсетілетін медициналық көмекті жетілдіруге, дәрігерлер мен мейіргерлердің біліктілігін арттыруға, диагностика мен емдеудің заманауи стандарттарын енгізуге, сондай-ақ аурулардың алдын алуға бағытталған.

Орталық жұмысының маңызды бағыттарының бірі медицина қызметкерлерін оқытумен қатар, ата-аналарды қолдау болмақ. Отбасылар үшін бала күтімі, дұрыс тамақтану, аурулардың алдын алу және салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселелері бойынша ақпараттық материалдар әзірленеді.

Үшінші орталық – Балалар қалалық клиникалық инфекциялық ауруханасының базасында ашылған Балалар инфекциялық аурулары бойынша құзыреттілік орталығы. Ол инфекциялық патологиясы бар балаларға мамандандырылған көмекті жетілдіру, телемедициналық консультацияларды енгізу, мамандар арасында тәжірибе алмасу және медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру мақсатында құрылды.

Мамандардың пікірінше, үш құзыреттілік орталығының ашылуы Алматыдағы балалар денсаулығын сақтау жүйесін дамытудағы маңызды қадам. Жаңа мүмкіндіктер балалардың қажетті медициналық көмекті дер кезінде алуына, ал дәрігерлердің кішкентай пациенттердің денсаулығын сақтау үшін заманауи технологиялар мен үздік клиникалық тәжірибелерді қолдануына жол ашады.