Оның мәліметіне сәйкес, былтыр ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға келушілер саны 2024 жылмен салыстырғанда 900 мың адамға артып, 3,7 млн адамды құрады. Қазір ұлттық парктерде заманауи туристік инфрақұрылымды дамыту бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Визит-орталықтар, экологиялық соқпақтар мен туристік маршруттар құрылды, сондай-ақ табиғи ортамен үйлесімді интеграцияланған глэмпингтер, кемпингтер мен киіз үй кешендерінің желісі дамып келеді.
«Бүгінде ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда 179 туристік маршрут пен 42 экологиялық соқпақ жұмыс істеп тұр», – деді спикер.
Экологиялық ағарту ісіне ерекше көңіл бөлінуде. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың қызметкерлері мектеп оқушылары мен жастар үшін тұрақты түрде дәрістер, ашық сабақтар, экскурсиялар және табиғатты қорғау іс-шараларын өткізеді. Сонымен қатар «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында табиғатты қорғау іс-шараларының кең кешені іске асырылуда. Аумақтарды көгалдандыру, табиғи нысандарды тазалау және халыққа экологиялық тәрбие беру бойынша акциялар өтеді. «Мөлдір бұлақ» акциясына 1800-ден астам адам қатысып, 7 тоннадан астам қоқыс жиналды және 35,5 га аумақ тазартылды.
Қоғамның назарын ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды сақтау мәселелеріне аударуға бағытталған «Парктер шеруі» республикалық табиғатты қорғау акциясы дәстүрлі түрде өткізіліп тұрады. Оған 280 мыңнан астам адам қатысты. Экологиялық сабақтар, сенбіліктер, ағаш отырғызу және түрлі ағартушылық шаралар ұйымдастырылуда. «Құстар күні» акциясы аясында мектеп аумақтарында құс ұялары орнатылып, бұл іске мыңдаған мектеп оқушысы мен табиғатты қорғау ұйымдарыныңқызметкерлері тартылады.
«Атқарылып жатқан жұмыстар қоғамның экологиялық мәдениетін дамытуға, биологиялық әртүрлілікті сақтауға және қоршаған ортаға деген жауапкершілікті көзқарасты қалыптастыруға ықпал етеді», – деп түйіндеді Андрей Ким.