Инвестициялық жобаның жалпы құны 1,8 млрд теңге. Жаңа кешеннің өндірістік қуаты жылына 3,6 мың тонна сүтке межеленген. Өнімнің негізгі бөлігі жергілікті қайта өңдеу кәсіпорындарын сапалы шикізатпен қамтамасыз етуге бағытталады.
Ферма өндірістік процестерді басқарудың заманауи цифрлық технологияларымен жабдықталуда. Жақын уақытта кәсіпорында бір мезетте 16 ірі қара малға қызмет көрсетуге арналған Германияда жасалған «карусель» типті жоғары технологиялы сауу қондырғысын іске қосу жоспарланған. Қондырғылар жеткізілген және іске қосуға дайындық үстінде.
Жоғары өнімді табын қалыптастыру үшін фермаға Ресейден голштин тұқымды 338 асыл тұқымды ірі қара мал әкелінді. Өндірісті одан әрі кеңейту аясында осы жылдың күзінде қосымша 70 бас асыл тұқымды мал импорттау жоспарланып отыр.
Жобаның іске асырылуы өңірде шикі сүт өндірісін ұлғайтуға, импорттық өнімге тәуелділікті азайтуға және қайта өңдеу кәсіпорындарын отандық шикізатпен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Кәсіпорында 20 тұрақты және 10 уақытша жұмыс орны ашылған.