05.06.2026 _ 11:40

SARBAZ+ жобасы шеңберінде әскерилер ЖИ, киберқауіпсіздік және ұшқышсыз ұшу аппараттарымен жұмыс істеуді меңгеруде

Қорғаныс министрлігі Қарулы Күштерді жаңғырту, отандық қорғаныс технологияларын дамыту және заманауи цифрлық армияны қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде. Бүгінде цифрлық технологиялар тек автоматтандыру құралы ғана емес. Олар ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің, әскерлерді басқару тиімділігін арттырудың, кадрларды даярлау сапасын жақсартудың және мемлекеттің қорғаныс қабілетін нығайтудың маңызды тетігіне айналды. ҚР қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында осы бағыттағы негізгі бастамалар жайында сөз етті.

Мұндай бастамалардың арасында SARBAZ+ жобасы бар. Ол адами капиталды дамытуға, отандық технологиялық шешімдерді қолдауға, жасанды интеллект пен ұшқышсыз технологияларды енгізуге, сондай-ақ қорғаныс және қауіпсіздік саласында инновациялық экожүйені қалыптастыруға бағытталған.

SARBAZ+ жобасы аясында байланыс және телекоммуникация, ұшқышсыз авиациялық жүйелер, цифрлық технологиялар және жасанды интеллект элементтері бойынша мамандар даярлықтан өтеді. Ұшқышсыз ұшу аппаратының операторы мамандығы бойынша отандық компаниялармен бірге дрон алаңы ашылып, сарбаздар дронды құрастыру, оларды ұшқызу мен инженерлік бағдарламалауды меңгеріп жатыр. Әскери қызметшілер үшін заманауи білім беру және спорттық инфрақұрылым құрылуда. Жаңартылған футбол алаңы, баскетбол және workout-жаттығуларға арналған спорт алаңдары, кәсіби жаттықтырушылармен жабдықталған заманауи спорт залы, сондай-ақ цифрлық дайындық сыныптары мен техникалық зертханалар қолжетімді.

«Сондай-ақ байланыс полкінде бейнебақылау камералары орнатылды. ЖИ-ді қолдана отырып, аналитика процестері енгізіліп жатыр. Бұл жоба аясында арнайы сайт ашылып, 270-тен астам адам қызмет етуге өтініш білдірген. Олардың 90-ы іріктеуден өтті», – деді спикер.

Сонымен қатар әрбір әскери қызметші «Tech Orda» бағдарламасы аясында киберқауіпсіздік, ІТ бағыттары бойынша оқудан өте алады.