15.06.2026 _ 16:38

Мемлекет басшысы Қорғаныс министрі Дәурен Қосановты қабылдады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қорғаныс ведомствосының жыл басынан бері атқарған қызметінің қорытындысы, әскери қызметшілерді әлеуметтік қорғау және әскери қызметтің беделін арттыру жұмыстары жөніндегі баяндаманы тыңдады.

Мемлекет басшысына Қарулы күштердің жауынгерлік даярлығы, Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясындағы іс-шаралар, ведомствоның автоматтандырылған басқару жүйелері мен цифрлық инфрақұрылымын дамыту туралы мәлімет берілді.

Президентке әскери басқару органдары арасындағы байланысты қамтамасыз етуге және әскерлердің жауынгерлік әлеуетін күшейтуге бағытталған «Батыл тойтарыс – 2026» стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуларына әзірлік барысы баяндалды.

Министр Голан жоталарындағы екінші ұлттық контингент миссиясының сәтті аяқталғанын және үшінші контингенттің ротациясы басталғанын, сондай-ақ қазақстандық әскери қызметшілердің бейбітшілік пен қауіпсіздікке қосқан үлесіне халықаралық қоғамдастық тарапынан жоғары баға берілгенін жеткізді.

Әскерге шақыру науқаны, әскери қызметшілердің мәртебесін көтеру бойынша қолға алынған жұмыстар жөнінде есеп берілді. Өскелең ұрпақты тәрбиелеу, атап айтқанда, 21-27 маусым аралығында Бурабайда «Айбын – 2026» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынын өткізуге дайындық мәселелеріне назар аударылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министріне Қарулы күштердің жауынгерлік даярлық жүйесін жетілдіруге, армияны цифрлық тұрғыдан трансформациялауға және елдің қорғаныс қабілетін нығайтуға бағытталған бірқатар міндет жүктеді.