26.06.2026 _ 14:40

Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесін асырып жібергені үшін жауапкершілік күшейтілді

Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі ішкі сауда саласындағы заңнаманы жетілдіру жұмыстарын жалғастыруда. Негізгі міндеттер – халықты тауарлармен физикалық және экономикалық тұрғыдан қолжетімді қамтамасыз ету, сондай-ақ отандық тауар өндірушілерді қолдау. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР СИМ Сауда комитетінің төрағасы Ернұр Жәутікбаев мәлімдеді.

Атап айтқанда, Ішкі сауда қағидаларына бөлшек саудамен айналысатын сатушылар мен көтерме жеткізушілердің аражігін нақтылайтын өзгерістер енгізілді. Бұл сауда, логистика, сақтау немесе тұтынушыларды тарту салаларында қосымша құн қалыптастырмайтын тиімсіз делдалдарды тауар өткізу тізбектерінен анықтап, оларды тиімді түрде алып тастауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесін қалыптастыру тетігі реттелді. Енді оның құрамына ішкі сауда субъектілеріне сыйақы төлеуге байланысты шығындарды, жасырын комиссиялар мен алымдарды, сондай-ақ кредиттерді, қарыздарды ресімдеу және сақтандыру шығындарын енгізуге тыйым салынады.

«Сауда үстемесінің шекті мөлшерінен асқаны үшін әкімшілік жауапкершілікті күшейту бойынша жұмыс жүргізілді. Атап айтқанда, ескерту санкциясы субъектінің санатына қарай 5-тен 150 айлық есептік көрсеткішке дейінгі әкімшілік айыппұлмен ауыстырылды», – деді Ернұр Жәутікбаев.

Тағы бір маңызды шара ретінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесі жаңартылды. Енді оған 31 атау енгізілген.

«Тізбенің кеңейтілуі сауда үстемелерін реттеу арқылы азық-түлік инфляциясын тежеуге, халық үшін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қолжетімділігін қамтамасыз етуге, азық-түлік қауіпсіздігі мен ішкі нарықтың тұрақтылығын нығайтуға, тауарлардың жекелеген санаттары бойынша отандық өндірісті дамытуға ынталандыруға, баға қалыптастырудың ашықтығын арттыруға және алыпсатарлық факторларды азайтуға ықпал етті», – деді Ернұр Жәутікбаев.

Министрліктің мәліметіне сәйкес реттеу тетіктерін жетілдіру жұмыстары жалғасуда. Қазір тауар өткізу тізбектерінің ашықтығын арттыруды және тиімсіз делдалдар санын қысқартуды, логистикалық және импорттық шығындарды ескере отырып сауда үстемесін қалыптастыру тәсілдерін қайта қарауды, сондай-ақ сауда желілерінің сөрелерінде қазақстандық өндіріс тауарларының жеткілікті көлемде ұсынылуын қамтамасыз етуді көздейтін жаңа түзетулер әзірленуде.