Бүгінде инфляцияны тежеуге бағытталған шаралар кешені өзектендірілді, мемлекеттік бақылау күшейтіліп, делдалдық схемаларды анықтау жұмыстары жандандырылды. Баға қалыптастыруды болжау, электрондық шот-фактураларды талдау және жәрмеңкелер, акциялар мен тікелей жеткізілімдер арқылы нарықты тауарлармен толықтыру жұмыстары жүргізілуде. Маусымаралық кезеңде Иран, Пәкістан, Тәжікстан, Өзбекстан және Қытайдан импорттық жеткізілімдерді жүзеге асыру үшін «жасыл дәліз» тетігі жолға қойылды.
«Апта сайын ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін өткізу жалғасуда. Жыл соңына дейін олардың жалпы санын 10 мыңға дейін жеткізу жоспарланып отыр», – деді спикер.
Оның мәліметінше, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасы индексінің өсу қарқыны төрт есе төмендеп, 7,3%-дан 1,8%-ға дейін қысқарды. Жылдық азық-түлік инфляциясының қарқыны бесінші ай қатарынан баяулап, 2025 жылғы желтоқсандағы 13,5%-дан ағымдағы жылдың мамыр айында 10,7%-ға дейін төмендеді. Бұл ретте барлық азық-түлік тауары бойынша айлық баға өсімі 0,4%-ды құрады, бұл азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен ақылы қызметтер бағасының өсу қарқынынан төмен.
«Ішкі нарықтағы бағаны тұрақтандыру мақсатында отандық бизнеспен меморандумдар жасалды. Ет саласында сиыр етін сату бағасы килограмына 3 275 теңге деңгейінде бекітілді. Күнбағыс майының шекті бағасы литріне 780 теңгеден, ал жұмыртқаның бағасы бір данасына 55 теңгеден аспайтын деңгейде белгіленді», – деп толықтырды Комитет төрағасы.
Сондай-ақ негізсіз үстеме пайданы болдырмау және импорттың ашықтығын арттыру мақсатында ірі импорттаушылармен, жеткізушілермен, көтерме сауда кәсіпорындарымен және базарлармен келіссөздер жүргізілді.
Азық-түлік нарығындағы бағаны одан әрі тұрақтандыру үшін қосымша шаралар әзірленді. Бағаны тұрақтандыру шараларын үйлестіруді орталықтандыру, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндірушілерден делдалсыз тікелей жеткізу жүйесін енгізу, бағаны тұрақтандыру тетіктерін іске асыру жөніндегі өкілеттіктерді Ауыл шаруашылығы министрлігінен Сауда және интеграция министрлігіне беру, сондай-ақ тауар тапшылығын жедел анықтау және өңірлер арасындағы жеткізілімдерді қайта бөлу үшін өндіріс пен тұтынудың индикативтік теңгерімін енгізу жоспарланып отыр.