07.07.2026 _ 15:30

Мәдениеттен инвестицияға дейін: Euronews Қазақстанды әлемге таныстырмақ

Euronews телеарнасының Астанадағы бюросының соңғы екі жылдағы басты міндеті әлемдік аудиторияны Қазақстанмен таныстыру болды. Осы мақсатта арна еліміздің мәдениеті, дәстүрі, туристік әлеуеті, заманауи жобалары мен инвестициялық мүмкіндіктері туралы кеңінен ақпарат таратып келеді. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында Euronews Astana бюросының басшысы Боян Бркич мәлімдеді.

«2025 жылдың тамыз айынан бері біз «Заманауи көшпенділер» сериалының 43 бөлімін шығардық. Онда Қазақстанның көркем табиғаты, бай мәдениеті мен салт-дәстүрлері көрсетілген. Сонымен қатар біз тек өткенді ғана емес, бүгінгі Қазақстанды, қазіргі адамдардың өмірі мен айналысып жүрген істерін де таныстырамыз», – деді Боян Бркич.

Бұдан бөлек, Euronews «Орталық Азия үндері» жобасы аясында Қазақстан өкілдері қатысқан 20-дан астам шығарылым дайындады. Сондай-ақ елдің инвестициялық әлеуеті мен халықаралық бизнес мүмкіндіктерге арналған East-West Connect бағдарламасының 20-дан астам эпизоды жарық көрді.

Боян Бркичтің айтуынша, Euronews-тің цифрлық редакциясы жұмыс істеген уақыт ішінде Қазақстан мен өңір туралы жүздеген материал жариялаған. Онда еліміздің Еуропамен ынтымақтастығына және маңызды халықаралық сауда бағыттарындағы рөліне ерекше назар аударылған.