09.07.2026 _ 09:18

Үкімет Солтүстік Қазақстан облысындағы жылу магистралі құрылысына 650 млн теңгеге жуық қаржы бөлді

Үкімет қаулысымен резервтен Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласындағы жылу магистралінің құрылысын аяқтауға шамамен 650 млн теңге бөлінді. Жүйелі жаңғырту Мемлекет басшысының Парламент палаталарының бірлескен отырысында еліміздің энергетикалық және инфрақұрылымдық әлеуетін нығайту жөнінде берген тапсырмалары аясында жүзеге асырылуда. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды, деп хабарлайды Primeminister.kz.

Қаражат Ж.Жабаев – А.Шәжімбаев – Новая – Ы.Алтынсарин көшелері бойындағы учаскелердегі жылу желісінің құрылысына бағытталған.

2026 жылы 1,4 шақырым демонтаждалып, жаңа жылу желілері тартылады. 2025 жылы 0,7 шақырым жылу желілері жаңартылған. Осылайша, бөлінген қаражатқа Петропавл қаласындағы ұзындығы 2 шақырымнан асатын № 2 магистралін жөндеу жұмыстары аяқталады.      

Жобаны жүзеге асыру 80%-дан астам тозған магистральды ауыстыруға және 30 мыңнан астам қала тұрғынын немесе 200-ден астам көппәтерлі үй мен әлеуметтік сала нысанын жылумен қамту сенімділігін арттырады, сондай-ақ қаланың жылу желілерінің тозу деңгейін төмендетеді.

Үкімет алдағы жылу беру маусымына дайындықты тұрақты бақылауда ұстауда. ҚР Энергетика министрлігінің мәліметінше, 2025 жылдан бері электр станцияларындағы 10 энергия блогына, 63 қазандық пен 39 турбинаға күрделі жөндеу жүргізілді. Сонымен қатар 17 мың шақырым электр тарату желісі жаңартылып, 420 қосалқы станция жаңғыртылды және ең көп тозған 323 шақырым жылу желісі ауыстырылды.  Нәтижесінде электр станциялары жабдықтарының тозу деңгейі 53%-ға, жылу желілерінің тозу деңгейі 50%-ға дейін төмендеді.