«Қауіпсіз емес өнімнен қорғаудың негізгі құралдарының бірі техникалық реттеу саласындағы мемлекеттік бақылау болып қала береді. 2026 жылдың 6 айында аумақтық департаменттер 7 мыңнан астам бақылау іс-шараларын өткізді, оның 6 497-сі бақылау субъектілеріне бармай, профилактикалық нысанда жүзеге асырылды. Сондай-ақ 144 жоспардан тыс тексеру, бару арқылы 286 профилактикалық тексеру және басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп 216 тексеру жүргізілді», – деді спикер.
Бақылау іс-шараларының нәтижесінде 4267 жағдай бойынша бұзушылықтар анықталды, бұл жалпы бақылау іс-шараларының 56%-ын құрайды. Бақылау қорытындысы бойынша 2 490 нұсқама мен ұсыныс берілді, 186 млн теңгеден астам сомаға әкімшілік айыппұл салынды. 20 аккредитация аттестатының қолданылуы тоқтатылды, сәйкестікті растау бойынша 42 мыңнан астам құжат күшін жойды. Өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласында 600-ден астам тексерілмеген өлшеу құралдары (таразылар, термометрлер, артериялық қысымды өлшеу құрылғылары) анықталды.
Бақылау жұмыстарының нақты мысалдары ретінде Тараз қаласында жанармай тарату колонкасын тексеруден өткізбей пайдаланғаны үшін жанармай құю станциясының иесі 230 АЕК мөлшерінде айыппұлға тартылғанын, сондай-ақ Қызылорда облысында газды есепке алу жүйесін метрологиялық аттестаттаусыз пайдаланғаны үшін кәсіпорынға 670 000 теңге мөлшерінде айыппұл салынғанын айтуға болады. Бақылау мақсатында жүргізілген сатып алу шеңберінде 50-ден астам өнім үлгісі сатып алынды, нәтижесінде Шығыс Қазақстан облысында «Masima» маркалы электр шәйнегін, ал Абай облысында Defender маркалы желілік сүзгілерді өткізуге тыйым салынды. Отандық өндірушілерді қорғау мақсатында Ахуалдық штабтың (3 отырыс өткізілді) шешімімен қорғау шараларын енгізуді талап ететін тауарлар тізбесі мақұлданды. Олардың қатарында құс еті, май, кабель, цемент және басқа да тауарлар бар.