14.07.2026 _ 10:42

Қазақстанның республикалық бюджетінің кірісі 24,6%-ға өсті

Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша республикалық бюджеттің кіріс бөлігі толық көлемде атқарылды, ал мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелері уақтылы қаржыландырылды, деп хабарлайды ҚР Үкіметінің телеграм арнасы.

Трансферттерді есепке алмағанда республикалық бюджет кірістері 8,5 трлн теңгені немесе жоспарға 100,6%-ды құрады. Өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда кірістер 1,7 трлн теңгеге немесе 24,6%-ға өсті. Салық түсімдері 8,3 трлн теңгені немесе жоспарға 100,3%-ды құрады. Өткен жылдың бірінші жартыжылдығымен салыстырғанда салық түсімдері 29%-ға өсті немесе 1,9 трлн теңгеден астамды құрады.

«Кірістер серпініне негізгі экспорттық тауарлар бойынша бағаның өсуі, сондай-ақ сыртқы сауда белсенділігі оң әсер етті. Бұдан бөлек, электрондық жүйесі бойынша сату айналымдары 12%-ға немесе 10,8 трлн теңгеге өсті», — деді қаржы вице-министрі Ержан Біржанов Үкімет отырысында.