Кәсіпорын сағатына 12 тонна күріш өндіруге қауқарлы. Заманауи қондырғылардың арқасында өндірістік қалдықтардың көлемі барынша азайтылып, 3–4%-ды ғана құрады.
Зауытта өндірісті автоматтандыру мен цифрлық басқарудың заманауи технологиялары енгізілген. Барлық технологиялық үдеріс бірыңғай цифрлық жүйе арқылы бақыланады, ал өнім сапасы онлайн режимде қадағаланады. Бұл өндіріс тиімділігін арттырады, өнім сапасының тұрақтылығын қамтамасыз етіп, шикізат шығынын азайтады.
Өндірістің ресурсты үнемдеуіне және экологиялық тазалығына да ерекше көңіл бөлінген. Кәсіпорынды электр энергиясымен ішінара қамтамасыз ету үшін компанияның жеке күн электр станциясы пайдаланылады. Бұл зауыттың электр энергиясына деген қажеттілігінің бір бөлігін жаңартылатын энергия көзі есебінен өтеуге жол ашады.
Компания күріш өсіруден бастап оны өңдеу және дайын өнім шығаруға дейінгі толық өндірістік кезеңді қамтиды.
Компанияның жеке күріш алқаптары Қызылорда облысының Сырдария ауданында орналасқан және 3 мың гектар аумақты алып жатыр. Күріш өңдеу кәсіпорнында ақталған күріш және басқа да дайын өнім түрлері өндіріледі.
Жаңа зауыттың іске қосылуы сыртқы өткізу нарықтарын кеңейтуге де ықпал етеді. Компания өнімінің 50%-ы Қазақстанның ішкі нарығында сатылады, ал қалған 50%-ы ТМД елдеріне, Моңғолияға және Иракқа экспортталады.
Қызылорда облысы Қазақстандағы күріш өсіру бойынша негізгі өңір болып қала береді. Елдегі күріш өндірісінің жалпы көлемінің 90%-ы осы облыстың үлесіне тиесілі.
2026 жылы облыста ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егіс көлемі 193,7 мың гектарды құрайды. Оның 70,1 мың гектарына күріш егілген. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, күріш егістігінің көлемі 2025 жылмен салыстырғанда 10,9 мың гектарға қысқартылды.