16.03.2021 _ 17:40

М.Қожахмет: «Волонтерлік адамдардың бойында айналасындағылардың және жалпы туған елдің тағдыры үшін жеке жауапкершілік сезімін оятты»

Еріктілер жылы Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы басты және маңызды оқиға болды және іс жүзінде волонтерлік өзінің басымдығын дәлелдеді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте АҚДМ Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет мәлімдеді. Оның сөзінше, волонтерлік азаматтарымыздың бір-біріне жанашырлығын, басқаларға және жалпы туған елдің тағдыры үшін жеке жауапкершілік сезімін оятты.

«Бір күнтізбелік жылдың ішінде волонтерлік қызметке қатысатын азаматтар мен ұйымдар саны тұрақты өсіп, олардың қатысуымен іске асырылатын бағдарламалар мен жобалар ауқымы арта түскенін көріп отырмыз. Осы уақыт ішінде волонтерлік ұйымдар мен топтардың саны 3 есеге артып, 600-ден астам ұйым құрылды. Тұрақты волонтерлер саны бірнеше есеге өсті және бүгінде 180 мыңнан астам адамға жетті», - деді М.Қожахмет. 


Оның атап өтуінше, бүгінде волонтерлік пандемия қаупіне қарсы тұра алатын маңызды факторлардың бірі. Осы қиын кезеңде елімізде волонтерлік іске 500 мыңнан астам адам тартылып, 1 миллионнан астам азаматқа әртүрлі көмек көрсетілді.