17.03.2021 _ 12:50

Қазақстанда креативті экономика үлесі артады – ҰЭМ

Мемлекет басшысы елімізде креативті экономиканы дамытуды тапсырды. Қазіргі кезде бұл мәселеге баса назар аударылып отыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Әлібек Қуантыров журналистің сұрағына берген жауабында мәлімдеді. Оның айтуынша, ол мемлекеттік бағдарламаларда ішінара көрсетілген.

 


«Креативті экономика – бұл әлемнің көптеген елдерінде шығармашылық қызмет пен зияткерлік меншік құқықтарын басқарудан шығатын қосымша құн салу жұмысы. Мысалы, киберспорт, медиа, музыка, сәулет, интернетке байланысты т.б. салаларда. Жалпы, креативті экономика әлемде жалпы ұлттық өнімнің 3 пайызын құрайды, ал дамыған елдерде 12 пайызға жетеді. Біздің міндетіміз – оның үлесін арттыру, дамыту. Бұл мәселе министрліктің ерекше назарында. «Рухани жаңғыру», «Индустриялық даму», «Цифрлық Қазақстан» және т.б. мемлекеттік бағдарламаларда ол ішінара көрсетілген. Қазір осы сала бойынша бірқатар жұмыстар атқарылуда», - деді вице-министр өз жауабында. 


Спикердің айтуынша, арнайы жұмыс тобы құрылды. Болашақта әзірленетін концепциялар мен жобаларда креативті экономиканың үлесі артатын болады.