17.03.2021 _ 12:55

«Мемлекеттік бағдарламалардан - ұлттық жобаларға». Келімбетов мемлекеттік жоспарлау жүйесіндегі алдағы реформалар жайлы баяндады

Ауқымды мемлекеттік бағдарламалардың орнына ұлттық жобалар жүзеге асырылады. Бұл туралы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Қайрат Келімбетов ОКҚ-да өткен брифингте еліміздің 2025 жылға дейінгі дамуының Ұлттық жоспарын таныстыру барысында мәлімдеді. Оның айтуынша, көптеген мемлекеттік бағдарламалар ұжымдық жауапсыздық тудырды. Ұлттық жобалардың мәні тұжырымдалған мақсаттардың нақтылығы, оларға қолжеткізу үшін ресурстар мен мүмкіндіктердің жеткіліктілігі, жеке жауапкершілік, ең бастысы – азаматтарға бағдарланған. Яғни, әрбір осындай жоба өмір сүру сапасын жақсартуға және Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыруға бағытталады.
Фото с сайта caravan.kz


Ұлттық жобалар өміріміздің маңызды салаларын қамтиды.


Қайрат Келімбетов мысал ретінде мектептегі білім беру жүйесін келтіріп өтті. Атап айтқанда, 2025 жылға дейін 800 жаңа мектеп салынады. Бұл апатты және үш ауысымды білім беру мекемелерінің проблемаларын, оқушы орындарының тапшылығын шешуге мүмкіндік береді.


Сондай-ақ, өңірлердің әлеуетін ашуды және олардың әлеуметтік-экономикалық жүйелерінің бәсекеге қабілеттілігін нығайтуды көздейтін теңгерімді аумақтық дамуға ерекше назар аударылады.


Сыртқы экономикалық саясатта инвестицияларды белсенді және таргеттелген тарту, сондай-ақ қазақстандық экспортты ілгерілету маңызды басымдыққа айналады.
Келімбетов сондай-ақ мемлекеттің күш-жігері «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын толыққанды іске асыра отырып, заңның нақты үстемдігіне бағытталатынын атап өтті.


Сыбайлас жемқорлыққа қоғамдық иммунитетті арттыру мақсатында сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты қалыптастыру мен іске асыруға қоғам мен бизнесті тарту бойынша жұмыс жалғасын табады.