22.10.2020 _ 13:30

297 хабарлама, 13 тергеу. Локдаун кезеңінде баға келісімі болды ма?

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі, оның ішінде нарыққа қатысушылардың бағаларды көтеру бойынша сөз байласуына, үстем немесе монополиялық жағдайды теріс пайдалануға, жосықсыз бәсекелестікке тыйым салатын монополияға қарсы заңнаманың сақталуына бақылауды жүзеге асырады.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі департаменті директорының м.а. Әсемгүл Нұрмағанбетова ведомствоның негізгі миссиясы жайлы айтып берді.

«Кәсіпкерлік кодекске сәйкес монополияға қарсы ден қою шараларын бағалардың өсуін тежеу мақсатында емес, монополияға қарсы заңнаманы бұзу жағдайлары болған кезде ғана қолдануға болады. Азық-түлік тауарлары нарықтарын реттеу мен дамытуды жаңа өндірушілерді құру және өндірістер көлемін ұлғайту, кедергілерді алып тастау және жергілікті тауар нарықтарында бәсекелестікті дамыту арқылы жергілікті атқарушы органдар деңгейінде жүзеге асыру қажет», - деп атап өтті спикер ведомствоның локдаун кезіндегі жұмысының нәтижелерімен бөлісе отырып.

«Биылғы жылдың бірінші жартысында жоғары сұранысқа ие тауарларға бағалардың өсуі жағдайында, карантиндік шараларды қабылдау кезінде, оның ішінде баға белгілеу мәселелеріне және азық-түлік нарықтарына қатысушылардың әрекеттеріне басты назар аударылды. Тиісінше, осы кезеңде хабарламалар мен тергеп-тексерулер көп болған. Жыл басынан бері азық-түлік өнімдері нарығына 297 хабарлама жіберілді. 13 тексеру тағайындалды», - деді Нұрмағанбетова.

Агенттіктің ресми мәліметтері бойынша, бағалық сөз байласу фактілерін растай отырып, 5 тексеру аяқталды. Айыппұлдың жалпы көлемі 4,3 млн теңгені құрады. 8 тексеру жалғасуда.