24.08.2020 _ 14:20

5 жасқа дейінгі балаларға бетперде кию міндетті емес

Балалардың бетперде киюі маңызды сұрақтың бірі болғандықтан, бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн баспасөз конференциясында Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов жауап берді. Спикердің айтуынша, Денсаулық сақтау министрінің бұйрығына сәйкес 5 жасқа дейінгі балаларға бетперде кию міндетті емес екенін тағы да еске салды.

Кезекші сыныптарда оқитын балалардың бетперде мен қолғап киюіне қатысты журналистің сұрағына түсінік бере отырып, Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі балаларға қолғап киюдің қажеті жоқ екенін, бірақ сабақ кезінде бетперде кию міндетті екенін айтты.

«Балалар ересектерге қарағанда аз болса да, олар осы аурудың қоздырғышы бола алады және егде жастағы адамдарға және қауіп тобына кіретін адамдарға жұқтыруы мүмкін», - деп толықтырды Б.Қожахметов.