13.10.2020 _ 10:35

Арқалық құс фабрикасында құстың басым бөлігі вирустан емес, асфиксиядан өлген

256 мыңнан астам құс желдетудің болмауынан қырылып қалған. ҚР АШМ сарапшылары Арқалық қаласындағы «Агроинтерптица» құс фабрикасында жүргізілген тексеру нәтижелерін жариялады. Бұл тауықтар үшін өтемақы қарастырылмаған. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Тұрсын Қабдолданов мәлімдеді.

«Құс фабрикаларындағы құс өлімі толығымен тоқтады. «Бескөл құс фабрикасы» ЖШС-де бір айда құс тұмауынан 184 621 құс қырылды. Барлық залал үшін өтемақы беріледі. «Агроинтерптица» ЖШС-не 391 мыңнан астам бас өлді. Оның ішінде желдетудің болмауы салдарынан асфиксиядан 256 040 құс қырылды, олар өтелуге жатпайды. Құс тұмауынан 135 384 бас құс қырылды. Тағы 41 642 бас тәркіленіп, жойылды. Осылайша, екі құс фабрикасына 361 647 бас құс үшін өтемақы беріледі», - деді Т.Қабдолданов.

Айта кетейік, мамандар өтемақы алу үшін құсты қасақана жою туралы күдікті жоққа шығарды. Желдету вирустың одан әрі таралуына жол бермеу үшін өшірілген.