04.03.2021 _ 15:50

АШМ: ауыл шаруашылығы техникалық паркінің жаңару деңгейі 4,5% құрады

Егіншілік саласы мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау шараларына ие салалардың бірі. Инвестициялық субсидиялау шеңберінде ауыл шаруашылығы техникаларының 25 пайызы субсидияланады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР АШМ өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаменті директорының орынбасары Назгүл Хатепова мәлімдеді. Оның сөзінше, нәтижесінде жыл сайын сатып алынатын жаңа техникалар саны артып, жалпы ауыл шаруашылығы техникалық паркінің жаңару деңгейі көтеріліп келеді. 2020 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 4,5% құрады. Сонымен қатар, кәдеге жарату мақсатында ауыл шаруашылығы техникаларына жеңілдетілген сертификаттар беру де қарастырылып жатыр. Бұл сертификаттарды ауыл шаруашылғы техникасын өндіруші зауыттарда белілі бір мөлшерде жеңілдіктер алуға мүмкіндік береді. АӨК саласын дамыту мақсатында егіншілік шаруашылығында тұқым сапасына да ерекше көңіл бөлінеді.

«Тұқым қандай да болмасын ауыл шаруашылығы өсімдігінің бастамасы. Бүгінде министрлік тарапынан да, Үкімет тарапынан да тұқым шаруашылығын қолдау шаралары қабылдануда. 2020 жылы тұқым шаруашылығын субсидиялауға 14 млрд. теңге бөлінсе, биыл 12 млрд. теңге қарастырылған. Демек, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілер көктемгі дала жұмыстары барысында сатып алған тұқымның белгілі бір мөлшерін субсидия ретінде өздеріне қайтарып ала алады. Тұқым сапасы жылдан жылға жақсарып келеді. Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау шараларының арқасында жоғары репродукциялық тұқымдар көлемі жылма-жыл өсіп, 2020 жылдың қорытындысы бойынша 90% жоғары болды. Бұл жақсы көрсеткіш», - деді ведомство өкілі.

Н.Хатепова сондай-ақ, әрбір тұқымдық материал көктемгі дала жұмыстарына дейін арнайы зертханаларда тексерістен өтетінін атап өтті. Егер тұқымдық қасиеттері сақталса, онда себуге жіберіледі.