22.07.2020 _ 14:30

Ауаны ластаған кім? Экологтар Атыраудағы мәселенің шешімін тапты

Экология министрі Мағзұм Мырзағалиев Атырау тұрғындарының «жағымсыз иіс пен ауаның ластануы» туралы шағымына жауап берді. Көмек сұраған халықтың мәлімдемесі өткен айдың басында әлеуметтік желілерде жарияланған. Жүргізілген мониторингтің нәтижесінде бұған қаланың солтүстік бөлігінде орналасқан тұрмыстық қалдықтар полигоны және «сасық сай» себеп болғаны анықталды.

«Бұл мәселе жаңа полигон салу арқылы шешіледі. Әкімдік жаңа полигон салуға 50 гектар жер бөлді, жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Барлық санитарлық талаптарға сай заманауи полигонның құрылысы жақын арада басталады деп үміттенеміз. Ал сайға өзім бардым. Мәселе мынада, онда құйылатын барлық кәріздік ағындар тазаланбайды немесе жеткіліксіз деңгейде тазаланады. Соңғы жылы біз әкімдікпен бірлесіп көп жұмыс істедік. Атырау қаласының сол жағалауында жаңа тазарту құрылыстары салынатын жер бөлігі анықталды. Оны 2020 жылдың соңында пайдалануға беру көзделген. Сәйкесінше, қазіргі заманғы кәріздік тазарту құрылыстарының болмауы мәселесі шешіледі», - деп сендірді министр.

Оның айтуынша, келер жылдан бастап әкімдікпен және Атырау мұнай өңдеу зауытымен бірлесіп булану алаңдарын қалпына келтіру бойынша жұмыстар қолға алынады.