Карантиндік шектеу шараларының енгізілуіне байланысты біржолғы төлемді кім ала алады? Оны тағайындауға өтінішті қалай беруге болады? Төлем проактивті форматта кімге тағайындалады? ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов осы және өзге де сұрақтарға жауап берді.
Ең бірінші қойылатын талап, азаматтар табысынан толық айырылуы керек. 42 500 теңге мөлшеріндегі біржолғы төлемге екінші деңгейдегі банктердің қызметкерлерін, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың және олармен аффилиирленген заңды тұлғаларды, мемлекеттік заңды тұлғаларды, сондай-ақ акцияларының және жарғылық капиталындағы үлесі 100% мемлекетке тиесілі заңды тұлғаларды қоспағанда, жалақы сақталмайтын еңбек демалысы кезіндегі қызметкерлер; жеке кәсіпкерлер; жеке практикамен айналысатын адамдар; азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс алатын жеке тұлғалар және бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер болып табылатын жеке тұлғалар үміткер бола алады.
«Жалақысы сақталмайтын демалыста жүрген және төлемге құқығы бар қызметкерлердің тізімін жұмыс берушілер egov.kz және 42500.enbek.kz порталдары арқылы ұсынады. Олардың қызметінің шектелу фактісін құрамына ҰКП мен кәсіподақтардың өкілдері кіретін аудандық және қалалық штабтар растайды. Басқа санаттар төлемдерді тағайындау үшін өз бетінше өтініш береді. Ол үшін біз бірнеше жолды қарастырдық», – деді Біржан Нұрымбетов.
Жұмыс беруші бірден 20 адамға өтініш бере алады. Өтініштерді egov.kz «электрондық үкіметтің» веб-порталы; 42500.enbek.kz порталы; «Электрондық үкімет» telegram-bot-ы; Aitu мессенджерінде 42500.enbek.kz қосымшасы; екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары мен интернет-ресурстары арқылы беруге болады.
«Сонымен қатар, төлемдерді проактивті форматта тағайындауды қарастырамыз. Біз қызметі шектелген болса, соңғы рет төлем алған азаматтардан SMS арқылы табысын жоғалту фактісін растауды сұраймыз. Оң жауап пен проактивті түрде тағайындауға келісім болған жағдайда, төлемдер өтінішсіз тағайындалады. Олардың порталдарға өтініш беруінің қажеті жоқ, олар өз мәртебесін одан әрі бақылай алады», – деді министр.