10.02.2021 _ 15:45

А.Цой ҚР Мемлекеттік шекарасын кесіп өту тәртібіне енгізілген өзгерістер туралы айтты

ҚР аумағында коронавирус инфекциясының пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия 2 ақпанда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өту тәртібіне өзгерістер енгізді, бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой хабарлады.

«Шекара маңы аудандарында эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануына байланысты 2021 жылғы 2 ақпаннан бастап ҚР аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның шешімімен ҚР Мемлекеттік шекарасын кесіп өту тәртібіне бірқатар жеңілдіктер енгізілді. ҚР азаматтары үшін, сонымен бірге шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар үшін де шекараны кесіп өту жиілігі 3 есеге 90 тәулікте 1 реттен 30 тәулікте 1 ретке дейін ұлғайтылды», - деді А.Цой.

Бұл ретте шетелдіктер, сонымен қатар ҚР азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдар үшін ерекше жағдайлар қарастырылған: емделуге, оқуға бару, қызметпен, отбасы мүшелерін жерлеуге, отбасындағы жағдайы ауыр науқасқа күтім жасау, жолаушы тасымалы, халықаралық тасымал үшін шектеу жоқ.

Бұдан басқа, Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша тікелей әуе қатынасы қайта қалпына келген мемлекеттерге шетелдіктердің ұшып шығуына, Қазақстан Республикасының аумағына кіруіне/аумағы арқылы транзитпен өтуіне шектеусіз рұқсат етіледі.