10.11.2020 _ 09:45

Е. Есқалиев: айына 60 мың емделушіге арналған дәрі-дәрмек сатып алынады

Ведомствоаралық комиссияның тапсырмасымен КВИ жаңа толқынына дайындық мақсатында Бірыңғай дистрибьютор бірқатар шаралар қабылдады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «СК-Фармация» ЖШС басқарма төрағасы Ерхат Есқалиев мәлімдеді.

«Біріншіден, еліміздің барлық медициналық ұйымдарында айлық қорды қалыптастыру. Бүгінгі күні Бірыңғай дистрибьютор 20 млрд теңгеден астам сомаға 91 дәрілік зат көлемін жеткізді. Ол тез қалпына келтіріліп отырады. Екіншіден, пневмония мен КВИ бар науқастарды антибиотиктермен және дене қызуын түсіретін дәрі-дәрмекпен (5 атауы – дене қызуын түсіретін парацетамол және Ибупрофен препараттары, Ривароксабан, Апиксабан және Дабигатран антикоагулянттары) тегін амбулаторлық қамтамасыз ету ұйымдастырылды. Шамамен 2 млрд теңге сомасына 1 млн жуық адамды қамту жоспарланған. Үшіншіден, «қауіпсіздік жастығы» деп аталатын екі айлық дәрі-дәрмектер қоры құрылды. Стационарларда айына 60 мың пациент болады деген болжаммен коронавирустық инфекцияны емдеуге арналған дәрі-дәрмектердің 44 атауы сатып алынады», - деп атап өтті спикер.

Сондай-ақ, ол дәрі-дәрмектің бұл топтары бірін-бірі алмастыра алатындығын және оларды аурудың ауырлығына байланысты емдеуші дәрігер тағайындайтынын атап өтті.

Әзірге 44 атаудан дәрі-дәрмектің 39 түрі сатып алынды. Гуманитарлық көмек шеңберінде қажетті дәрі-дәрмекті жеткізу мәселесі қосымша пысықталуда. Төмендемейтін қор көлемі бекітілген кестеге сәйкес Бірыңғай дистрибьютордың 4 хабына дәрілік заттарға пайыздық арақатынаста қажеттілік фактісі бойынша жеткізіледі. Яғни, Алматыда-35%, Нұр – Сұлтанда – 30%, Ақтөбеде – 15%, Шымкентте-20%.

«Төмендемейтін қор Денсаулық сақтау министрлігінің болжамы негізінде медициналық ұйымдардың өтінімдерінен тыс қалыптастырылған және нақты өңірде нақты позициялар бойынша аурудың өршуі жағдайында пайдаланылатын болады. Пайдаланылатын көлем жедел түрде қосымша сатып алумен толықтырылады. Осы циклды толықтыру үшін екі ай уақыт жеткілікті», - деп сендірді Есқалиев.