Бір гектардан 17 центнер. Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров бидай мен арпа бойынша орташа өнімділік көрсеткіштерін жариялады.
Жамбыл және Түркістан облыстарында күздік дәнді-дақылдарды жинау жұмыстары жүргізілуде. Бидайдың жалпы көлемі 93 мың га, арпа - 26 мың га. Сондай-ақ картоп, көкөніс және бақша дақылдарын жинау жұмыстары қолға алынды.
«Негізгі астық егетін облыстарда жаздық бидай егісінің түтікке шығу фазасына көшуі байқалады. Осы облыстарда астық жинау тамыздың ортасынан басталады. Егін жинау үшін қажетті ауыл шаруашылық техникасы жеткілікті. Оларды дайындау жұмыстары жоспарлы режимде жүзеге асырылады. Жаппай жұмыстарды бастау үшін техника 100% дайын», - деді Сапаров.
Айта кетейік, астықты сақтау үшін элеваторлар мен астық қоймалары дайындалып жатыр. Республика бойынша жалпы сыйымдылығы 12,4 млн тоннаны құрайтын 189 лицензияланған астық қабылдау кәсіпорны жұмыс істейді. Сонымен қатар, сақтауға арналған сыйымдылығы 15 млн тоннаға жуық қоймалар. Бұл барлық астықты сақтау үшін жеткілікті.