13 наурыздан 30 сәуірге дейін Қазақстанның жеті қаласында 50-ге жуық іс-шара өткізу жоспарланған. Қазақстандықтар кинокөрсетілімдерге, шеберлік сыныптарына, пікірталас клубтарының кездесулеріне, әдеби және лингвистикалық ойындарға, сондай-ақ аспаздық шеберлік сыныптарына қатыса алады. Барлық офлайн іс-шаралар санитарлық нормаларды сақтай отырып жүргізіледі.
Францияның мәдени бағдарламасының негізгі үш сәті туралы Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елші Дидье Канесс айтып берді.
«Биыл Франциядағы ең танымал жазушы Давид Фонкиносқа басымдық беріліп отыр. Іс-шаралар детектив саналатын «Анри Пиктің құпиясы» атты фильмінің көрсетілімімен ашылады. Сондай-ақ, сценарийін Дэвид жазған «Қызғаншақ» фильмі көрсетіледі, ал режиссер - оның ағасы. Екінші өте маңызды шара франко-қазақстандық қатынастарымызбен байланысты. Айдың соңында 22-ші жылғы Кубок аясында ұлттық футбол командалары арасында матч өтеді. Осы іс-шара шеңберінде мектеп оқушылары үшін байқау ұйымдастырылады, футбол тақырыбы бойынша викторина болады. Әрине, барлық қатысушыларға, соның ішінде француз футбол федерациясынан сыйлықтар, кәдесыйлар қарастырылған. Тағы бір айта кетер жайт, Француз мәдениетінің көріністерінің бірі, бұл, әрине, гастрономия. Сондықтан біз Нұр-Сұлтан қаласында танымал француз аспазының қатысуымен шеберлік сабақтарын, семинарлар өткізуді ұйғардық. Баршаңызды елшіліктің сайтында, әлеуметтік желілерде біздің іс-шараларымызды көруге шақырамын, онда қосымша ақпарат ала аласыздар», - деді Елші Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Іс-шаралар жалпы аралас форматта өтеді, оның ішінде мәдениет қайраткерлерімен онлайн кездесулер, мәдени көрікті жерлерге виртуалды турлар, білім беру форумдары және халықаралық франкофония ұйымына мүше елдер туралы француз тіліндегі бейне контент ұсынылады.
Француз тілі, ән және спорт конкурстарына да қатысуға болады. Іс-шаралардың толық бағдарламасы https://www.culturefrance.kz сайтында жарияланған.