11.03.2021 _ 11:55

Ішкі нарықтағы жанар-жағармай бағасы бұрыннан «дотациялық» және әлемдік бағадан едәуір төмен - О. Байдилдинов

Нарықтық экономика жағдайында бағалар бір жыл бұрын өсуі керек еді, бірақ тұтынудың төмендеуі мен пандемияға байланысты 2020 жылдың қаңтарынан бастап қайта өңдеуге арналған акциздердің өсуіне қарамастан, олай болмады. Біз бағаның өскенін, одан кейін төмендегенін байқаған жоқпыз. Мұнай-газ саласының сарапшысы Олжас Байдилдинов «сарапшылардың» қалыптасқан пікіріне осылай жауап берді.

«Сол кездің өзінде мұнай өндіруші және өңдеуші компаниялар үшін бағалар тұтастай алғанда шығынды болды. Бір жыл бұрын көптеген «сарапшылар» мұнайдың әлемдік бағасы 3 есе төмендеді, яғни Қазақстанда да баға 3 есе төмендеуі тиіс деп айтты. Бірақ ішкі нарықтағы бағалар бұрыннан «дотациялық» және олар әлемдік бағадан едәуір төмен. Бензин бағасы неден құралады? Мұнай өндірудің өзіндік құны, МӨЗ-ге дейін тасымалдау бар. МӨЗ-де мұнай өңдеу бар. Сондай-ақ, дайын мұнай өнімдерін ЖМҚС желілеріне дейін жеткізу қажет. Әрине, жанармай құю станцияларының да өз шығындары бар. Айта кетейік, маржа бұрын 3-5 теңге болса, қазір ол литріне 1-3 теңге шамасында, тіпті одан да төмен. Brent сорты - бұл мұнайдың эталондық түрі, біздің мұнай, мұнайдың басқа да көптеген түрлері сияқты, сапасының әр түрлі болуына және өзге де экономикалық себептерге байланысты осы көрсеткішке қарап, дисконтпен/жеңілдікпен сатылады.

Орташа дисконт барреліне шамамен 3 долларды құрайды. Яғни, бүгінде әлемдік баға $67 деңгейінде қалыптасты, біздің мұнай барреліне шамамен 27 200 теңгеден сатылады/сатып алынады. Бір баррельде шамамен 160 литр, бұл көлем өлшемі. 27 200-ді 160-қа бөлсек, 170 теңге шығады. Бұл әлемдік мұнайдың 1 литрінің бағасы. Қазақстанда қазір бензин бағасы - 160 теңге шамасында. Яғни, Қазақстандағы бензин жай шикі мұнай құнынан арзан», - деді сарапшы дәлел ретінде есептеп шығарып.

Сондай-ақ, оның айтуынша, қазіргі кезде мұнай өндіруші компаниялар шикі мұнайды ішкі нарыққа тоннасына шамамен 100 мың теңгеден немесе 1 литріне шамамен 86 теңгеден жеткізіп отыр. Бұл әлемдік бағадан 2 есе төмен.