24.11.2020 _ 16:15

Келер жылы электрондық сауда алаңдарында саудаланатын мұнай газының көлемі 100 пайызға жеткізіледі

Мемлекет басшысы өз Жолдауында Энергетика министрлігіне электрондық сауда алаңдарында саудаланатын мұнай газының көлемін кезең-кезеңмен ұлғайтуды тапсырды. Келесі жылы сұйытылған мұнай-газды 100 пайыз электронды аукционда сату жоспарланып отыр. Ведомство басшысы Нұрлан Ноғаев Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте осылай деді.

«Қазіргі таңда елімізде 3 млн. 200 мың тонна сұйытылған мұнай газы өндіріледі. Соның 1,5 млн. тоннасы ішкі нарыққа бағытталған. Оның ішінде, 80 пайызы сұйытылған газбен жүретін автомобильдерге, 20 пайызы көпқабатты үйлерде ас дайындауға және мұнай-газ химия саласына арналған жобаларға арналған. Автомобильдік сұйытылған мұнай газды сауда-саттыққа шығару келесі шарттармен жүзеге асырылады. Барлық өнімнің 25 пайызы электрондық сауда алаңдарында сатылады. Қалған 75 пайызы жергілікті атқарушы органдары ұсынған өтінімдер бойынша өңірлерге бөлінеді», - деді министр.

Айта кетейік, биыл көмірсутегі шикізатына жер қойнауын пайдалану құқығын беру бойынша электронды аукциондар өткізіле бастады. Бұл Жер қойнауын пайдалану жөніндегі кодекс бойынша жүзеге асырылды.

«Электронды аукцион 1 қыркүйекте жарияланды, 23 желтоқсанда қорытындысы шығарылады. Оған 10 кен орны қатысты. Бұл өз кезегінде транспаренттілікті қамтамасыз етеді, салаға инвестиция тартуды арттырады. Электронды аукционға қатысу үшін қажетті құжаттар саны 3 есеге қысқартылды. Инвесторлардан түсетін бонустар, бюджетке түсетін түсімдер ұлғаяды», - деді министр.