Журналистердің кинотеатрларды ашу мерзіміне қатысты сұрақтарына жауап бере отырып, денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте санитарлық дәрігерлердің пікіріне сүйене отырып, кинотеатрлар, бассейндер, SPA-орталықтар мен басқа да адамдар көп жиналатын орындар халықтың індетті жаппай жұқтыру қаупі жоғары орындар болып табылатынын өтті.
«Өкінішке орай, кинотеатрлар коронавирус инфекциясының таралу қаупі бар қоғамдық орындарға жатады. Бізге монша кешендері, кинотеатрлар, сауда орталықтары бар кәсіпкерлер, ШОБ өкілдері жиі хабарласады. Денсаулық сақтау министрі де, бас санитарлық дәрігер де, вице-премьер мен Премьер-Министр де бұл мәселеге алаңдаушылық білдіріп, бизнестің табыс табуына, соңғы айлары келтірілген залалдың орын толтыруға мүмкіндік беретін шешім қабылдау үшін бәрін жасауда. Бірақ, қайталап айтамын, нақты ережелер бар. Оларды Қазақстан ойлап тапқан жоқ. Кинотеатрларды немесе SPA-орталықтарды, клиенттерге жаппай қызмет көрсететін басқа да орындарды ашуға болады деп сенімді түрде айта алатындай, белгілі бір шектен әлі өткен жоқпыз. Сондықтан күте тұрайық, шыдамдылық танытайық», - деді Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі.
Оның айтуынша, бұл санитарлық дәрігерлердің талабы.
«Адамдар театрға жиналған кезде белгілі бір уақыт бойы жабық жерде болады. Бір-екі сағат. Осы уақыт ішінде адамдардың коронавирус инфекциясын жұқтыру немесе оны басқаға жұқтыру қаупі өте жоғары. Мәдениет маңызды, бірақ денсаулық маңыздырақ!»,- деп түйіндеді Б. Қожахметов.