Соның аясында сұранысқа ие дәрілік препараттарды сатып алу үшін көтерме дистрибьюторларға қайтарымды негізде қаражат бөлінді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте ДСМ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Нұрлыбек Асылбеков мәлімдеді.
Оның айтуынша, бүгінгі күні өңірлерге 17,9 млрд. теңге бөлінді. Бұдан басқа Комитет өңірлердегі көтерме дистрибьюторларда, бөлшек саудада неғұрлым сұранысқа ие дәрілік заттардың медициналық ұйымдарда болуына тұрақты мониторинг жүргізеді.
«Мониторинг нәтижелерін талдау нәтижесінде, ағымдағы жылдың 15 шілде - 9 қараша аралығында көтерме сауда мен дәріханаларда антибиотиктер 3,9 есе, вирусқа қарсы препараттар 3,2 есе, антикоагулянттар 32 еседен астам, маскалар 2,3 есе және т.б. дәрілік заттар қорының өскені анықталды. Қазіргі кезде дәріханаларда халықтың дәрілік заттарға қажеттілігін қамтамасыз ету үшін дәрілік заттар жеткілікті», - деді комитет төрағасының орынбасары.
Сонымен қатар, мемлекет басшысының дәрі-дәрмек бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу тапсырмасын орындау мақсатында дәрілік заттардың бағасын бақылау қамтамасыз етілді. Осы мақсатта облыстар мен республикалық маңызы бар қалаларда комитет, аумақтық бөлімшелер, жергілікті атқарушы, құқық қорғау органдары мүшелерінен мониторингтік топтар құрылды. Олар 1640-тан астам дәріхананы тексеріп, шекті бағадан асырылып, сатылған дәрілік заттардың 199 атауын анықтаған.
«Аталған кезеңде 174 млн. теңге сомасында шекті бағаның артуының 876 фактісі, 39,4 млн. теңге сомасында дәрілік заттарды заңсыз өткізудің 347 фактісі анықталды. Сондай-ақ, 1223 әкімшілік хаттама толтырылып, 213 млн. аса айыппұл салынды. Заңсыз айналымнан 10 млн. астам дәрлік зат алынды», - деді Н.Асылбеков.