04.12.2020 _ 13:40

Мәдениет және спорт министрі қазақстандық патриоттарға мемлекеттік туды қайда орналастыруға болатынын түсіндірді

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазан айының соңында мемлекеттік рәміздерді, атап айтқанда Туды пайдалану ережелерін қайта қарауды тапсырды. Бір айдан кейін Үкімет қаулысымен өзгерістер енгізіліп, желтоқсан айында күшіне енді. Нормаларды мәдениет және спорт министрлігінің басшысы Ақтоты Райымқұлова Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде түсіндірді.

«Енді Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын жеке және заңды тұлғалар ғимараттарда (тұрғын және тұрғын емес үй-жайларда), оның ішінде балкондарда және салтанатты іс-шаралар өткізілетін орындарда патриоттық сезімдерін, қазақстандық бірегейлігін білдіру, елдің, оның азаматтарының жетістіктерін қолдау мақсатында пайдалануы (орнатуы, орналастыруы) мүмкін. Бұдан басқа, енгізілген өзгерістерге сәйкес жеке тұлғаларға ғимараттың сәулеттік ерекшеліктеріне қарамастан, оны бір қабатты және (немесе) көп қабатты ғимараттарда экстерьерлік нұсқада орналастыру кезінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын пайдалану мүмкіндігі берілді»,- деді министр.

Ал қазақстандықтарға ғимаратқа ілініп тұрған ту үшін жарық орнатудың қажеті жоқ. Бұл талап тек заңды тұлғалар мен мемлекеттік органдарға қатысты.

«Жалпы, жоғарыда аталған өзгерістер еліміздің Мемлекеттік Туын қолдану аясын едәуір кеңейтеді, қоғамдағы патриотизм рухын нығайтуға бағытталған оның символдық капиталын жаңаша түсінуге мүмкіндік береді»,-деп түйіндеді Райымқұлова.