02.03.2021 _ 15:40

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша балалардың құқықтарын қорғау және буллингтің алдын алу туралы заң әзірленуде

Парламент Мәжілісінің жұмыс тобы шеңберінде Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне енгізілетін баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар қаралады. Бұл заң жобасы бойынша жұмыс 2020 жылдың мамыр айында басталды. Қазіргі уақытта, Парламент Мәжілісінің VII шақырылымы депутаттарының құрамы бекітілуіне орай, Заң жобасы бойынша жұмысты жалғастыру үшін жаңа жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобының құрамы 65 адамнан тұрады. Жаңа жұмыс тобымен 4 отырыс, ал жалпы саны 14 отырыс өтті. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, жұмыс тобының жетекшісі Динара Закиева жұмыстың аралық қорытындысын шығарды.

Оның айтуынша, бәрі ашық. Әрбір жұмыс тобының отырыстары Мәжіліс сайтында трансляцияланады және оны кез келген азамат «онлайн» режимде көре алады. Қазіргі кезде еліміздің үш Кодексіне және 6 Заңына 35-тен астам түзетулер енгізу қарастырылған.

«Мысалы, жетім балалар мен ерекше балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың тұрғын үй мәселелері бойынша, ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған оңалту орталықтарын ашу (мысалы, ДЦП және т.б. ерекшеліктер), жетім балалардың «Балалар үйлерінде» тұру жағдайларына, «жәбірлеу» ұғымын енгізуге байланысты нормалар бар», - деп түсіндірді спикер.

Әрбір отырыстың алдында депутаттар тарапынан жаңадан келіп түсетін нормаларды енгізу немесе алып тастауды, оларды пысықтау бойынша ескертулердің негізіндегі өзекті кесте жұмыс тобының мүшелеріне жіберіледі. Сонымен қатар, жұмыс тобының нәтижелі, әрі сапалы қызмет атқару мақсатында кейбір түзетулерді егжей-тегжейлі талқылау үшін арнайы алаңдар құрылады.

«Жәбірлеу» ұғымының редакциясын талқылау үшін арнайы сараптама алаңы жұмысын атқарып келеді. Бұл алаңда депутаттар, мемлекеттік органдардың өкілдері, балалар мен отбасыларға көмек көрсету саласындағы сарапшылар, ғылым докторлары мен заң ғылымының белгілі профессорлары, психологтар, мұғалімдер, ата-аналар, лингвистер талқылау өткізді. Барлығы пікірталасқа еркін қосылды. Кейін жұмыс тобының отырысына шоғырландырылған позиция шығарылды. Айта кетейік, жұмыс тобы шеңберінде талқыланған түзетулер жан-жақты қаралуы мен олардың құқықтық талдауы үшін Үкіметтің қорытындысына жіберіледі», - деді Закиева құжаттың маңыздылығы мен жалпы ахуалдың жоғары деңгейін атап өте отырып.