2021 жылы қазақ тілін меңгерудің қажетті деңгейін растайтын QRT немесе QAZTEST сертификатының болуы ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына магистратура мен докторантураға түсу кезінде міндетті талап болады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында ЖОО ректоры Ерлан Әбіл мәлімдеді.
Оның айтуынша, тестті ағымдағы жылдың шілде айында академияға оқуға түсетін үміткерлер сынақтан өткізген. Жүзге жуық мемлекеттік қызметші тестілеуді ерікті түрде тапсырды.
«Қазақстан Республикасында қазақ тілін оқыту мектепке дейінгіден бастап жоғары білімге дейінгі білім беру стандарттарында нормативті түрде қарастырылған. Кәсіби қызметте қазақ тілінің жалпы деңгейін меңгеріп қана қоймай, ресми-іскерлік стильде түрлі мәтіндерді құрай білу және көпшілік алдында ресми сөз сөйлеу стратегиясын пайдалану қажет.
Келесі жылы қазақ тілін меңгерудің қажетті деңгейін растайтын сертификаттың болуы академияға магистратура мен докторантураға түсу кезінде міндетті талап болады. Сонымен қатар, келесі жылы Президенттік жастар кадр резервіне үміткерлер үшін де осындай талапты таратуды жоспарлап отырмыз.
"QazaqResmiTest" мемлекеттік тілді оқытудың деңгейлік тұжырымдамасына сәйкес және орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты, «қазақ тілі» пәнінің жаңартылған мазмұнының үлгілік оқу бағдарламалары негізінде, әлемдік тәжірибені ескере отырып әзірленді және жоғары оқу орнынан кейінгі қазақ тілінің орфографиясы, аудиотыңдау, оқу, жазу және ресми-іскерлік стильде сөйлеу бойынша нормалардан тұрады»,- деп атап өтті Е.Әбіл.
Тұжырымдамаға сәйкес, тілді меңгеру деңгейі негізгі, орта және озық болып бөлінеді.