17.07.2020 _ 11:30

М.Тінікеев: жұмыс берушілердің немқұрайлылығынан адамдарға қауіп төнбеуі тиіс

Кәсіподақтар федерациясы мен оған мүше ұйымдар пандемия басталғалы 300 млн теңгеден астам сомаға көмек көрсетті. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев мәлімдеді.

Оның айтуынша, қаржы жеке қорғаныш құралдарын, аз қамтылған азаматтарға қажетті тауарларды сатып алуға, блок-бекеттер мен стационарларда медициналық қызметкерлер үшін ыстық тамақ ұйымдастыруға жұмсалған. Кәсіподақтардың қарамағында болған үш шипажай коронавирусқа қарсы күреске тартылғандардың қажеттіліктеріне берілді. Бұл уақтылы көмек болды. Үш мыңнан астам медицина қызметкері мен құқық қорғау қызметінің қызметкерлері осы мекемелерде тынығып, күш жинады, қалпына келді. Сондай-ақ КВИ жұқтырған науқастарды емдеу үшін павлодарлық «Мойылды» шипажайын да беру жоспарланып отыр.

Мессенджерлер арқылы барлық БМСК ұйымдарымен байланыс орнатылды. Тәулік бойғы жедел желі ашылды. Пандемия басталғанда 4 мыңға жуық өтініш келіп түсті. Бұл – заңсыз жұмыстан босатуға, жұмыссыз қалуды дұрыс ресімдемеуге және еңбекақының дұрыс төленбеуіне, сондай-ақ, еңбекақының негізсіз кешіктірілуіне байланысты мәселелер. Жеке қорғаныш құралдарының тапшылығы, банктердің төлемдерді кейінге қалдыру жөніндегі шарттарды орындамауы, несиелер бойынша қарызды өтеу үшін әлеуметтік төлемдерді ұстап қалу фактілері бойынша келіп түскен өтініштер де болды. Кәсіподақтар федерациясының жедел араласуы көптеген мәселелерді заңнамаға сәйкес шешуге мүмкіндік берді. Спикердің атап өтуінше, аумақтық кәсіподақтардың мамандары облыстық жедел штабтарға кіреді.

«Президенттің үндеуінен кейін мобильдік топтар әр түрлі дәріханалық бөлімшелерді тексере бастағанын өздеріңіз білесіздер. Мысалы, мен «СК-Фармацияның» қоймаларында халыққа аса қажет болған дәрілердің көп болғандығына таң қалдым. Президенттің тапсырмасымен қазір сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет осы құрылымды тексеруде», - деді М.Тінікеев.

Сонымен қатар, кәсіподақ мүшелері жұмыс орындарында қатаң санитарлық нормалардың және еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету жағдайларының сақталуын қадағалайды. Бүгінде 2 млн-нан астам қызметкерді қамтитын 138 мыңға жуық меморандумға қол қойылды.

«Біз еркіндікке бой алдырғандықтан індет жұқтырғандар саны артты деп ойлаймын. Әр адамға осыны түсіндіруіміз керек. Әрине, табыстың және жұмыс болмауынан адамдар қосымша жұмыс іздеуге мәжбүр. Бірақ, пандемия деңгейін төмендету үшін әрқайсымыз жеке қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарауымыз керек.

Бүкіл халықтың қауіпсіздігі осыған байланысты. Кәсіподақтар федерациясы мен оған мүше ұйымдар жұмыс орындарында қатаң санитарлық нормалардың сақталуына және еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету жағдайларына қоғамдық бақылау жүргізетінін еске салып өтейін. Адамдар жұмыс берушілердің жауапсыздығынан және салғырттығынан өздерін, айналадағыларын, жақындарын қауіп-қатерге тіге алмайды», - деп ескертті Федерация төрағасының бірінші орынбасары.