12.03.2021 _ 13:50

Онкологтар қауымдастығы науқастарға өлтірілген вирусқа қарсы вакцина егуді ұсынады. Қазақстандық вакцина осы стандарттарға сәйкес келеді – Д. Қайдарова

Өткен жылдың наурыз айынан бастап 5600 жуық онкологиялық науқас ковидпен ауырып, шамамен 45 адам қайтыс болды. 2021 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша онкологиялық аурулармен ауыратын 190 000 пациент есепте тұр және 32 000 жуық жаңа жағдай анықталды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Онкология және радиология ҚазОРҒЗИ» АҚ басқарма төрайымы, Қазақстан онкологтар қауымдастығының төрайымы Диляра Қайдарова мәлімдеді. Оның айтуынша, сырқаттанушылық бойынша бірінші орында сүт безі обыры, екінші орында өкпе обыры тұр, бірақ одан көз жұматындар көп.

Өткен жылы онкологиялық аурумен ауыратын науқас ковид жұқтырса, арнайы емдеуді (сәулелік терапия, химиотерапия, хирургиялық емдеу) тоқтатуға тура келетін. Иммунитет төмендегеннен мұның бәрі жағдайдың нашарлауына әкелуі мүмкін. Қазір пациент арнайы емделуге кіріспес бұрын, ПТР талдау және өкпеге КТ-зерттеулер жүргізуі қажет. Бірақ онкопаценттер қауіпті вирусқа қарсы вакцина ала ала ма? Әрине. Елімізде хаттамалар енгізіле бастады.

«Онкологиялық аурулары бар пациенттерді вакцинациялау мәселесін онкологтар қауымдастығы қарастыруда. 2021 жылдың ақпан айында америкалық онкологтар қауымдастығы хаттамалар әзірледі. Егер пациенттер ремиссия сатысында болса, мысалы, олар толық диагностикалық тексеруден кейін вакцина ала алады. Хирургиялық емдеуге дайындалып жатқан науқастар бар, олар да вакцинацияланып, содан кейін хирургиялық көмек ала алады. Мұны пациенттің жағдайын бағалай алатын және вакцинацияны ұсына алатын көп салалы топ қарастырады. Біз бұл хаттамаларды алдық. Оларды онкологиялық диспансерлерге пациенттеріміз үшін енгізетін боламыз. Сондықтан вакцинация туралы мәселе әлі толық емес, бірақ қауымдастықтар пациенттерді өлтірілген вируспен вакцинациялауды ұсынады. Сондықтан біз қазір осы стандарттарға сәйкес келетін қазақстандық вакцинаны енгізуді күтіп отырмыз», - деді еліміздің бас онкологы.