22.07.2020 _ 14:15

Қазақстанда табиғатты аяламау деректері бойынша жауапкершілік күшейтіледі

Мемлекет басшысы Қасым–Жомарт Тоқаев экологиялық заңнаманы бұзғаны және табиғатқа зиян келтірілгені үшін жауапкершілікті қатаңдатуды тапсырды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Экология министрі Мағзұм Мырзағалиев мәлімдеді.

Оның айтуынша, соңғы бірнеше аптада табиғатты аяламау деректері тіркелді. Мысалы, Ақтаудағы итбалықтарды ұрып-соғу, Бурабайдағы қоқыс үйінділері, Алматыдағы Ботаникалық саябақты бұзу және тоғандарда Қызыл кітапқа енгізілген лотос гүлдерін жұлу.

«Бұл қоқыс, от жағу, сондай-ақ бірегей Көбейтұз көлінен тұз алып, сату. Бұл табиғатқа келтірілген зиянның аз бөлігі ғана. Мұнымен қалай күресеміз? Оның екі әдісі бар: Біріншісі. Экологиялық білім. Біз халықтың экологиялық ой-өрісін өзгертіп, балаларға табиғатты аялауды үйретуіміз керек. Мысалы, қоқысты өртемей, оны өзіңізбен бірге алып кету, балаларды өсімдіктер мен жануарларды бағып-күтуге үйрету. Табиғат қорғау қызметіне қатысу, ағаш отырғызу, табиғатты қорғау. Бәрі бала кезден басталады. Сондықтан да мемлекет басшысы Білім министрлігіне мектептерде балаларға экологиялық білім беретін жаңа пән енгізуді тапсырды. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы бүгін таңертең өзінің твиттер-аккаунтында хабарлады», - деді министр.

Екіншіден, айыппұл санкциялары күшейтіледі. Есесіне, Президент министрге тәртіп бұзушыларды қатаң жазалау туралы тікелей тапсырма берді. Осы сенбіден бастап экологтар полицейлермен бірге ұлттық саябақтар мен демалыс аймақтарында рейдтер өткізеді. Топтарға қоғамдық ұйымдар мен волонтерлер шақырылады.

«Еліміздің бірегей табиғи байлығын бірлесіп қана сақтай аламыз. Сондықтан журналистерге, блогерлерге, экологтарға, қоғам қайраткерлеріне, қоршаған ортамыздың жай–күйіне бей-жай қарамайтын жандарға айтарым, барлығымыз бірігіп, өзіміз үлгі болып, қоғамды, әрбір қазақстандықты табиғатты аялауға, оған қамқор болуға үйретейік», - деді елдің бас экологы.