27.08.2020 _ 11:30

Қазіргі заманғы сын-қатерлерге жауап. 350 мыңға жуық қазақстандық педагог «кибер» мәртебесін алады

Мұғалімдердің IT-дағдыларын дамыту үшін Білім министрлігі бірқатар курстар әзірледі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде еліміздің бас педагогы Асхат Аймағамбетов мәлімдеді.

«Бұл дағдыларды дамыту және мұғалімдерге жаңа жағдайда жұмыс істеуге көмектесу үшін бірнеше курс әзірленді. Олардың бірі «Қашықтықтан оқытуды үйренемін» деп аталады. Біз 347 мың педагогты қамтуға тиіспіз, бүгінгі таңда 323 мыңы сертификат алып, оқуды аяқтады. Қалғандары 1 қыркүйекке дейін оқуын тәмамдайды. Ұстаздарымыз төртінші тоқсанда да өздерін көрсете алды, белсенділік танытып, жаңа жағдайларға тез бейімделді. Бұл оңай болған жоқ», - деді А.Аймағамбетов.

Оның айтуынша, министрліктің 10-нан астам нормативтік-құқықтық актілеріне жүйені жаңа форматқа бейімдеу үшін түзетулер енгізілді.

«Білім беру - белгілі бір ақпарат жиынтығын беру ғана емес. Бұл эмоционалды интеллекттің дамуы, әлеуметтену және қарым-қатынас мәселелері. Сондықтан, бұл формат ең қолайлы болып көрінді. Біз Білім министрлігі ретінде мұны түсінеміз, бірақ эпидемиологиялық жағдайды, балалардың, әріптестеріміздің, ұстаздарымыздың қауіпсіздігін ескере отырып, Денсаулық сақтау министрлігінің, Бас санитарлық дәрігердің ұсынысы бойынша жаңа оқу жылын дәл осы режимде бастауға мәжбүрміз», - деп түсіндірді министр.