11.08.2020 _ 15:45

QOLDAU.EDU.KZ сайтына баланың ЖСН номерінің соңғы сандарын енгізіп, тексеріп көріңіз

Бұл сайт ҚР Білім және ғылым министрлігі мен «Менің Атамекенім» қоғамдық бірлестігінің ортақ жұмысы. Онда Білім министрлігі ұсынған 20 мыңнан астам оқушы тізімі бар. Жаңа оқу жылына тегін компьютерлер мен планшеттер әлеуметтік осал топтарға жататын отбасының балалары мен ауыл балаларына да беріледі.

«Сайттағы ақпаратты білу үшін арнайы форманы толтырасыз. Баланың ЖСН номерінің соңғы үш санын енгізесіз. Осылайша баланың тізімде бар жоғын анықтауға болады. Бірден таблицалық формада ашылатын сайттан өңір, аудан атауы, мектеп номері жазылып тұрады. Ол жерде болмаса алаңдамаңыздар. Мұнда көбіне бірінші кезектегі балалардың тізімі бар»,-деді «Менің Атамекенім» ҚБ атқарушы директоры Ләззат Шыңғысбаева.

Бірінші кезең аяқталған соң, екінші кезеңге балалар іріктелмек. Сонымен қатар сайттың бір бөлігі акцияны қолдаушыларға арналады. Яғни егер сіз көмек бергіңіз келсе сайтта банк реквезиттері жазылған. Техника өндірісі мен сатушыларын, ірі компания өкілдерін қайырымды акцияға қатысуға шақырған спикер, тіпті, үйде қолданбайтын компьютерлер болса, ол да әр балаға көмек болатынын айтты.