09.06.2020 _ 15:20

Қылмыстық-атқару жүйесі кәсіпорындарының күшімен 1,7 миллион бетперде мен 18 мың қорғаныс костюмі дайындалды

Журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, ІІМ басшысы Ерлан Тұрғымбаев ТЖ режимі жағдайында ішкі істер органдары құқық тәртібінің жай-күйін және азаматтар тарапынан режим талаптарының сақталуын бақылауды қамтамасыз ету қабілетін іс жүзінде дәлелдегенін атап өтті.

Оның дәлелі, ведомство басшысының айтуынша, полиция қызметкерлерін медициналық бетпердемен және қорғаныс костюмдерімен қамтамасыз ету мәселесін ойдағыдай шешу болды. ҚАЖ кәсіпорындарын жеке қорғаныс құралдарын тігуге жедел қайта бағдарлау нәтижесінде 1,7 млн. аса бетперде мен 18 мың қорғаныс костюмі дайын болды.

Азаматтар мен автомашиналарының қозғалысын бақылауды ұйымдастыру үшін, ІІМ денсаулық сақтау министрлігімен, әкімдіктермен және «Көркем-Телеком» компаниясымен бірлесе отырып, полиция қызметкерлері планшеттерінің көмегімен адамдар мен көліктің қозғалысын бақылауға, сондай-ақ оларды оқшаулау үшін байланыс жасайтын адамдардың орналасқан орнын анықтауға мүмкіндік беретін мобильді қосымша іске қосылды.