10.07.2020 _ 15:05

Ақтөбе облысында дәріхана желісінің айналымын толықтыру үшін 500 млн теңге бөлінді

Бұл туралы аймақ басшысы Оңдасын Оразалин Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді. Спикердің айтуынша, өңірде 573 дәріхана бар, 15 ірі компания дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етіп отыр. Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті дәрілік заттардың 41 түріне мониторинг жүргізеді.

«Дәріхана желісінің айналымын толықтыру үшін Ресейден, Үндістаннан дәрі-дәрмектің 16 түрін қосымша сатып алу үшін 500 млн теңге бөлінді. Дәріханалар дәрілермен күн сайын толығып отыр, бірақ сұраныстың жоғары болуына байланысты тез азаюда. Соған сәйкес импорттық дәрі-дәрмектерді жеткізу үшін Орынбор қаласындағы облыстық дәріхана қоймасымен қосымша келісімшартқа қол қойылды. Осыған байланысты провизорлық стационарларға аса сұранысқа ие он дәрілік зат жеткізілуде. Бұл қосымша 20 күндік дәрі-дәрмек қорымен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді», - деді облыс әкімі.

Айта кетейік, маусым-шілде айларында облысқа қызу түсіретін дәрілердің 14, түрлі антибиотиктердің 23, вирусқа қарсы дәрілердің 5 түрі жеткізілді.