Әлем ғалымдарының пікірінше, вакцинациядан кейінгі иммунитет қалыпты және ұзақ уақыт сақталады. Ал инфекциядан кейін ағзада қалыптасатын иммунитет өте тұрақсыз және алты айдан кейін ағзадан шығарылады немесе жойылады. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте сарапшылар гуморалдық және клетка деңгейінде пайда болған иммунитеттің ұзақтылығы бірнеше жылға дейін сақталуы мүмкін екендігін жеткізді.
«Бұл жұқпа да, оған қарсы әзірленіп жатқан вакцина да жаңа. Оны пайдаланып жатқанымызға көп болған жоқ. Әрине, уақыт өте келе осы жұмыстардың, түбегейлі динамикалық жұмыстардың нәтижесінде осы вакцинадан кейінгі иммунитеттің тұрақтылығын, ұзақтығын білетін боламыз. Бүгінде әлемде 200-ден астам вакцина кандидат болса, олардың ешқайсысының құрамында ауру шақыратын компонент жоқ. Вакцинаның компоненттері ағзаға түскеннен кейін ғана антиген ретінде болады, ауруға қарсы антидене пайда болатын жағдайға әкеп соқтырады. Мұндай вакциналардың басқа ауруларды қоздыруға қатысы жоқ», - деді Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы директорының орынбасары Айнагүл Қуатбаева журналистің сұрағына жауап бере отырып.
Сондай-ақ, спикер елімізде шығарылатын вакцинаның инактивтендірілген вакциналар қатарына жататынын атап өтті. Ондай вакцина полиомелитке қарсы пайдаланылуда. Әлемде оны балалар, ересектер арасында оны қабылдау, ағзаға ешқандай қауіпті емес екендігі дәлелденген.