23.11.2020 _ 14:20

Бозжыра маңындағы табиғи аймақты тамашалау үшін келетін туристерге жағдай жасауымыз керек – С.Трұмов

Еліміздің белсенді азаматтары Бозжыра аймағында қонақ үй салу мәселесін әлеуметтік желіде, БАҚ-та көтеріп отыр. Бұл қоғамдық кеңесте қоғам белсенділерімен талқыланады, деді Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте. Оның айтуынша, өңірдегі тарихи орындарды, табиғи ерекше әсем жерлерді туристерге көрсету қажет.

«Шерқала, Айрақты, Тамшалы, Жығылған, Бозжыра сияқты табиғи әдемі жерлерді туристерге көрсету үшін оларды күтіп алатын, оларға жағдай жасайтын жұыстар жоспарланды. Бозжыра шатқалында қонақүй салу жобасы – инвесторлардың өзі ұсынған жоба. Қазіргі кезде бұл мәселе қоғамдық кеңесте талқылануда. Жалпы туризмді ұйымдастыру үшін бұл қонақ үй өте қажет. Ол жерге жергілікті бюджеттің қаржысына жол тартылады. Автотұрақтар салынады. Келіп-кететін адамдарды реттеу үшін, экологиялық жағдайды бақылауда ұстау үшін тиісті жұмыстар жүргізіледі», - деді аймақ басшысы.

Оның айтуынша, бұл туризм саласын дамыту аясында қолға алынатын жобалар. Жалпы, экономиканы әртараптандыру мақсатында ауыл шаруашылығы, көлік-логистикалық салаларында жұмыстарды жандандыру бағытындағы жобалар жүзеге асырылмақ.